Қазақстанда халықаралық дәліздегі 1 шақырым жолды салуға 1-3 млн. доллар аралығында қаржы жұмсалады
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы шеңберіндегі келісімді талқылау барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жобаны талқылау барысында депутат Ержан Исақұлов 1 шақырым жолға кететін шығынның 1 млн. долларды құрауына күмән келтірген болатын. «Бізге «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының Тараз учаскесі бойынша 170 млн. доллар несие беріледі. 25 млн. долларды өзіміз құямыз. Бұған 5,1 пайыздық ставканы қосыңыз. Сонда Қазақстанда 1 шақырым жол құны 1 млн. доллар емес, 2-3 млн. долларды құрайды екен», деді Е. Исақұлов.
Депутат көтерген осы мәселеге жауап қайтарған ҚР Көлік және коммуникациялар министрі Әбілғазы Құсайынов, қазіргі уақытта Қазақстанда халықаралық дәрежедегі 6 транзиттік дәліз өтетіндігін атап өтті. «Ал «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасын қайта жаңалауға жататын 1 мың 390 шақырымы 1-ші санаттағы жолдар, яғни 4 жолақты болып табылады. Әрине, екі жолақты жолдың 1 шақырымын салуға 1 млн. доллар қаржы кетеді. Сәйкесінше, жоғары санаттағы 4 жолақты жолдарға кететін шығын 2-3 млн. долларды құрайтын болады», деді министр.