Қазақстанда инновациялық дәрілер шығарылмақ

ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Әлемге әйгілі «АстраЗенеканың» инновациялық дәрі-дәрмектері Қазақстанда шығарылмақ. Лондонда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және халықаралық биофармацевтикалық компания өкілдері өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда  инновациялық дәрілер шығарылмақ

«АстраЗенека» - онкология, кардиология, нефрология, тыныс алу және аутоиммундық, сондай-ақ сирек кездесетін ауруларға қарсы медициналық препараттар шығаратын халықаралық компания. Бас кеңсесі Кембриджде орналасқан. Өнімдерін әлемнің 100-ден астам елінде миллиондаған науқас пайдаланады. Стратегиялық ғылыми-зерттеу орталықтары 4 ірі дүниежүзілік биоғылым кластерлерінің жанында орналасқан. 28 өндірістік алаңы 16 елде бар. Енді олардың қатарына Қазақстан да қосылмақ.


«Президентіміздің сайлауалды платформасы бойынша қазақстандық дәрілерді шығаруды 50 пайызға дейін жеткізу туралы тапсырма берілген болатын бізге. Оның арқасында біз «АстраЗенекамен» сәйкесінше меморандумға қол жеткіздік», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

«АстраЗенека» бастапқыда қазақстандық дәрі-дәрмек шығаратын компаниялардың базасында жұмыс істейді. Жыл өте келе жеке зауыттарын салу жоспарда бар. Жаңа жобаның мультипликативтік әсері зор. Компания миллиондаған АҚШ доллары көлемінде ел экономикасына инвестиция салып қана қоймайды. Жаңадан жұмыс орындарын ашып, отандық мамандарға британиялық технологияларды үйретеді. «АстраЗенеканың» Қазақстанда өкілдік ретінде тіркелгеніне 15 жыл болған. Енді оның жұмыс ауқымы кеңейіп, ынтымақтастық жаңа сапалық деңгейге көтерілмек.

«Бұған дейін 40-қа жуық препаратымызды тіркеген едік. Тағы 15 инновациялық дәрі-дәрмекті елге әкелу ойымызда бар. Алдымен 4 препаратымызды шығаруды жоспарлап отырмыз. Олар онкология, кардиология, диабет, респираторлық және сирек кездесетін ауруларды емдейтін дәрілер», -дейді «АстраЗенека» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Александр Таришкин.

«Пандемиядан кейін көптеген мемлекеттердің халық денсаулығына алаңдаулы екеніне көзіміз жетті. Болашақта еш қауіп төнбеу үшін дәрі-дәрмектердің таусылып қалмауы өте маңызды. Бүгін түсіністік туралы меморандумға қол қоя отырып, Қазақстан үкіметімен әріптестікте жұмыс істеуге және халықты үздік медициналық препараттармен қамтамасыз етуге дайын екенімізді айтқымыз келеді», дейді аталған компанияның Ұлыбритания үкіметімен байланыс жөніндегі департамент директоры Дэвид Бойд.

Денсаулық сақтау министрлігі басқа да жаһандық фармацевтикалық мекемелермен әріптестік орнату бағытында жұмыс істеп келеді. АҚШ, Жапония және Еуропа елдерінің жетекші компанияларымен фармацевтика және денсаулық сақтау саласында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайту жоспарланып отыр.