Қазақстанда инсультке шалдыққандардың үштен бірі көз жұмады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін – Дүниежүзілік ми күні. Бұл күн неврологиялық аурулардың маңызы туралы халыққа ақпарат беру үшін атап өтіледі.

Бүгінде неврологиялық аурулардың арасында ең кең таралғаны — инсульт. Мәселен, былтыр шамамен 49 мың қазақстандық инсульт алған. Оның 11,8%-ы стационарда көз жұмса, 6,1%-ы ауруханадан шыққан алғашқы бір айда өмірден озған.
— Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан астам инсульт жағдайы тіркеледі. Инсульт — ең қауіпті аурулардың бірі, себебі ол науқастардың көбін мүгедектікке әкеледі. Онкологиялық немесе жүрек ауруларымен ауыратын науқастар өз-өзіне күтім жасап жүре алады ғой. Ал инсультке шалдыққан науқастар бір сәтте-ақ мүгедекке айналып, отбасына да, мемлекетке де үлкен ауыртпалық түсіреді, — дейді ҰШМҮО Басқарма төрағасы Ержан Әділбеков Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Маман инсульт алған адамда қандай белгілер болатынын да атап өтті.

— Барша жұртты инсульттің алғашқы белгілерін білуге шақырамын. Ағылшын тілді әдебиеттерде FAST-тест деп аталатын арнайы әдіс бар. Бұл атау төрт әріптен тұрады: F — Face (бет), A — Arm (қол), S — Speech (сөйлеу), T — Time (уақыт). Яғни, егер адамның беті қисайып, қолы немесе аяғы әлсіреп, сөйлеуі бұзылса — ең бастысы, уақытты өткізіп алмау керек. Себебі емдік «терапевтік терезе» төрт жарым сағатқа ғана созылады. Осы уақыт ішінде науқасты инсульттік орталыққа жеткізу қажет. Мен мынадай жайтты атап өткім келеді: егер жылына 40 мың адам инсультке шалдықса, өкінішке қарай, соның үштен бірі көз жұмады. Яғни бұл — өте күрделі жағдай, — деп ескертті басқарма төрағасы.
Айта кетейік, жақында ғана дәрігерлер инсульт алған 19 жастағы қызды аман алып қалды.