Қазақстанда интернет неге нашар: Ұялы байланыс операторларының жауабы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұялы байланыс операторлары еліміз аумағын сапалы интернетпен толық қамту қашан мүмкін болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Біздің компанияда байланыс нашар аумақтарды қамту бағдарламасы келер екі жылда жүзеге асырылады. Бұл тұрғыда 6 айдың ішінде елорда мен Алматыдағы ұялы байланыс мәселесін шешуге екпін қойылады. Бұл бағдарлама биылғы жыл басынан іске асырылып жатыр. Сондықтан сапаның жақсарғаны жақын арада байқалады», - деді «Мобайл Телеком-Сервис (Tele2/Altel)» бас диреторы Сергей Коньков.

Осы орайда ол Астана қаласының аумағы қарқынмен кеңейіп жатқанын және жаңадан салынған бұл аудандардың тұрғындары көбірек шағымданатынын айтты.

«Қазір базалық станциялардың құрылысын белсенді түрде жүргізіп жатырмыз. Біздің компанияның алдағы 6-9 айдағы жұмысы жайында айтатын болсам, тұрғындар сапаның жақсарғанын байқайды», - деді «Мобайл Телеком-Сервис (Tele2/Altel)» басшысы.

Өз кезегінде «Beeline Қазақстан» бас атқарушы директоры Евгений Настрадин ел аумағында ұялы байланысты пайдаланатындар көбейген сайын, саладағы жабдықтарды күшейту талабы үнемі жоғарылай беретінін айтты.

«Бір ғимаратта ұялы байланыс интернетіне қосылғандар неғұрлым көп болса, соғұрлым көбірек жабдық пен антенналарды арнайы орнату қажет болады. Сондықтан интернетті пайдаланатындар көбейген сайын, жыл сайын жаңа қондырғылар орнатуға мәжбүрміз. Жалпы, бұл жағдай технологияның өзіндік сипатына қарай барша әлемде байқалып отыр. Әлемнің кез келген қаласында интернеті нашар аудандарды кездестіруге болады», - деді Е. Настрадин.

Бұдан бұрын «Beeline Қазақстанның» бас атқарушы директоры елімізде не себепті ұялы байланыс қызметі қымбаттап жатқанын түсіндіруге тырысқан еді.

Оның айтуынша, кейінгі 5 жылда елімізде әр абонент интернетті 4 есе көбірек пайдалана бастаған.


Соңғы жаңалықтар