Қазақстанда испандық капиталдың қатысуымен 27 шағын және орта бірлескен кәсіпорын тіркелген - Р.Дәленов

АСТАНА. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстанда испандық капиталдың қатысуымен 27 шағын және орта бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Экономика және өнеркәсіп салаларындағы ықпалдастық бойынша қазақстандық-испандық үкіметаралық аралас комиссияның кезекті IV отырысында ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов мәлім етті,
None
None


деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Р.Дәленовтың атап көрсеткеніндей, бүгінде Қазақстанға Испаниядан машина жабдықтары, көлік құралдары мен химиялық өнімдер импортталады. Ал Қазақстан Испанияға минералдық шикізаттар мен жылу-энергетикасы саласындағы өнімдерді экспорттайды. «Қазақстанда испандық капиталдың қатысуымен 27 шағын және орта бірлескен кәсіпорын тіркелген. Олар қызмет көрсету және сауда салаларында жұмыс істейді», - деді ол.

 Вице-министр олардың саны күн санап артып отырғандықтан, бүгін қосарланған салықты болдырмау бойынша Астанада қол қойылатын конвенцияның маңыздылығы жоғары екенін атап өтті.

 Ол сондай-ақ отырысқа қатысушыларды Қазақстанның ішкі және сыртқы экономикалық жағдайымен таныстыра келе, Қазақстан мен Еуропа елдері арасындағы сауда айналымын жыл сайын арттыру мақсатында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қаулысымен «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы бекітілгенін жеткізді. Сонымен қатар, әлемдік қаржы дағдарысының салдарына төтеп беру мақсатында Қазақстанның қаржы, жылжымайтын мүлік, шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіптік кешен және индустриялық секторларына қосымша қаражаттар бөлінгенін тілге тиек етті.

Соңғы жаңалықтар