Қазақстанда кәді мен баклажан қанша тұрады

АСТАНА. KAZINFORM – Жаздың соңы кәді мен баклажан маусымы десек қателеспеспіз. Кейбіреулерге көкөністі көбіне саяжайдан достары мен туыстары әкелетіні рас. Ал ондай «бақыт» бұйырмағандар базар аралап, әр келісін 150-500 теңгеден сатып алады. Kazinform агенттігінің тілшісі еліміз бойынша аталған көкөністің бағасын сараптап көрді.

баклажан
Коллаж: Kazinform

Соңғы уақытта кәді мен баклажан арзандағанын атап өткен жөн. Ең арзанын Көкшетау мен Семейден табасыз. Ал, Түркістанда жағдай керісінше.

Көкшетауда кәдінің бір келісі 150 теңгеден басталады. Ал, баклажанды 350 теңгеден сатып алуға болады. Семей тұрғындары кәдіні 150-300 теңгеге, баклажанды 400 теңгеден сатып алып жүр.

Түркістанда кәдінің бір келісін 500 теңгеден ұсынады. Десе де, баклажанды небары 250 теңгеге сатып алуға болады.

Ақтөбе тұрғындарына бір келі кәді үшін 250-350 теңге төлеуге тура келеді. Баклажан да сол бағада (350 теңге). Петропавлда кәдінің бағасы 200-350 теңгеден, ал баклажанның бағасы 450 теңгеден басталады.

Қостанайда кәдіні кез келген көкөніс дүкенінен оңай табуға болады. Бағасы 200-250 теңге аралығында. Баклажан қымбатырақ. Әр келісі 400-490 теңгеге бағаланады. Павлодарда кәдіні орташа есеппен 215 теңгеге ұсынады, баклажан үшін 475 теңге санап бересіз. Талдықорғанда кәдінің бір келісі 199 теңге, баклажанның әр келісі 295 теңге тұрады.

Астаналықтар кәдіні 360-445 теңгеге, баклажанды 300-520 теңгеге сатып ала алады.

Алматы дүкендерінде кәдінің орташа бағасы 160 теңгеге, баклажанның бағасы 200-300 теңгеге тең. Қонаев дүкендерінде көкөністердің орташа бағасы 300 теңгені, Ақтауда 310 теңгені құрайды.

Қарағанды мен Жезқазғанда кәдіні 200 теңгеден, баклажанды 400 теңгеден сатып ала аласыз.

Атырауда аталған көкөністердің бағасы 350 теңгеден басталады. Кейбір дүкендерде 400-450 теңгеге сатып алуға болады. Қызылордада көкөністердің орташа бағасы 350-450 теңге тең. Тараз супермаркеттерінде баға 385 теңгені көрсетіп тұр. Базарлар мен көтерме саудада көкөністерді сәл арзанырақ бағаға табуға болады.

Өскеменде сатушылар бір келі кәді үшін 450 теңге сұрайды. Баклажан басқа қалаларға қарағанда әлдеқайда қымбат (600 теңге).

Оралда кәді 455 теңге, баклажан 325 теңге тұрады. Шымкентте кәдінің орташа бағасы 325 теңгеге, баклажан 265 теңгеге тең.

Қазір бұл екі көкөністің бағасы тым жоғары емес. Әйтпесе, қай кезде болмасын кәді мен баклажан дәрумендерге, пайдалы минералдарға өте бай. Мұны аталған көкөністер қосылған салатты жеген адамдар жақсы түсінетініне еш күмән жоқ.

баклажан бағасы
Коллаж: Kazinform

Айта кетейік, баклажанның адам организміне көптеген пайдасы бар. Жүректің жұмысын жақсартады, себебі бакжаланның құрамы калий және натрий тұздарына өте бай. Құрамы минералдарға, темір, кобальт, марганецтерге мол болғандықтан, қанның құрамын, гемоглобинді қалпына келтіріп, қан аз (анемия ауруына шалдыққан) адамдарға шипа болады. Ал, бакжаланның шырыны антисептикалық дәрі ретінде қолданылады. Баклажанда В және С витаминдері бар. Сондықтан ол организмді инфекциялар мен тұмаудан сақтайды.

Ұйқысыздық пен депрессия кезінде де көмегі зор. Темекіні тастағысы келетін адамдарға да көмегі тиеді. Құрамындағы РР витаминінің көп болуына байланысты адамның никотинге деген тәуелділігі жойылады. Сонымен қатар терінің ылғалданып тұруына көмектесіп, әжімдердің көп болуынан сақтайды. Аз калориялы болғандықтан арықтаймын деген адамдарға да пайдалы.

Соңғы жаңалықтар