Қазақстанда қанша киік ауланды
АСТАНА.KAZINFORM – Шілде айының басынан бастап Қазақстанда киіктердің санын реттеу мақсатында ату жұмыстары жүргізіліп келеді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін табиғи ортадан 31 003 бас киік алынды.
Браконьерліктің алдын алу үшін популяция санын реттеу жұмыстарын «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі жүзеге асырып жатыр.
Бүкіл процесс Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелерінің бақылауында.
– Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Зоология институты» РМК әзірлеген биологиялық негіздемеге сәйкес, киік популяциясының санын реттеу жұмыстарын 2025 жылдың 30 қарашасына дейін жалғастыру ұсынылған, – делінген министрліктің KAZINFORM агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар Экология және табиғи ресурстар министрлігі 6 қыркүйекте Қостанай облысының Жангелді ауданында қалдырылған киік қалдықтары туралы тараған ақпаратқа байланысты түсінік берген болатын.
Сондай-ақ Павлодарда киік саны бір жазда үш есе көбейген. Қазіргі уақытта өңірдегі ақбөкендердің саны 90 мыңнан асқанын жазғанбыз.