Қазақстанда қанша көмір қоры бар
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде алғашқы 10 елдің қатарына кіреді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісінов мәлім етті.

- Бүгінде бізде 33 млрд 600 млн тонна көмір қоры бар. Бұл геологиялық барлау кезінде анықталған. Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде алғашқы 10 елдің қатарына кіреді. Қазіргі біздің мақсат – алдымен коммуналдық қажеттілікті, сосын халықты, одан кейін өндіріс орындары мен энергетикалық кешенді көмірді қамту, - деді Жанат Игісінов елордада өткен VI көмір өнеркәсібі форумында.
Оның айтуынша, көмір тапшылығы мәселесінің алдын алу үшін республикалық штаб бар, ол жұмысын қыркүйекте бастайды.
- Күн сайын жергілікті атқарушы органдары, көмір өндірушілер және Қазақстан темір жолы өкілдерімен байланыстамыз. Қай өңірде көмір жетпей жатыр, оған не себеп, көмір вагондары неге кетпей жатыр? Дереу хабар алмасып отырамыз, соңғы жылдары бұл мәселе жолға қойылды, - дейді ол.
Айта кетсек, елімізде өткен жылдың төрт айында 36,4 миллион тонна көмір өндірілсе, биылғы 4 айда өндіріс көлемі 4,3 пайызға артқан. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің айтуынша, өткен жылы жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық сектор 7,9 млн тонна көмір тұтынады деп жоспарланды және барлық тұтынушы толық көлемде көмірмен қамтылып, жоспар 101 пайызға орындалған.