Қазақстанда қанша латифундист бар
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта шекті мөлшерден артық көлемде жер иеленіп отырған адамдардың санын айтты.
- Қазіргі уақытта 1 299 жеке тұлға 35 мың гектардан астам жерге, ал 612 заңды тұлға 51 мың гектардан астам жерге иелік етеді. Осы жер иеленушілеріне тиесілі жерлерді пайдалану тиімділігін анықтау үшін толық түгендеу жүргізілді, - деп жазылған жауапта.
Қазір қолданыстағы заңнамада жеке тұлғалар 35 мың гектардан, заңды тұлғалар 51 мың гектардан артық жер рәсімдей алмайтын норма бар.
- Бекітілген ең жоғары мөлшер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің бір қолда шоғырлануын болдырмау үшін белгіленді. Бір адамның уақытша жер пайдалану құқығында бірнеше жер учаскесі болуы мүмкін. Бірақ олардың жалпы ауданы көрсетілген мөлшерден аспауы тиіс деген қорытынды шығады. Осылайша, бүгінгі таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жаңа мерзімге жалдау шартын жасау үшін бұрынғыдан артық жер учаскесін беруге рұқсат етілмейді, - деп жазады министрлік мамандары.
Бұған дейін Павлодар облысының жер ресурстарын басқаруға жауапты мемлекеттік органдары соңғы екі жылда 33 шаруаны жерінен айырғаны белгілі болған еді.