Қазақстанда қанша неміс тұрып жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Германияда 1 млн-ға жуық қазақстандық тұрып жатса, Қазақстанда 200 мыңға жуық неміс тұрады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Қазақстан мен Германия қарым-қатынасы саяси белсенді байланыс және сауда-инвестициялық жобалар арқылы мығым. Сондай-ақ адами өлшемнің маңызды әлеуетімен де ерекшеленеді. Еліміз ХХ ғасырдың басында өлкемізге келе бастаған мыңдаған неміс үшін екінші отанына айналды. Ал Еділ бойындағы немістерді қайғылы сталиндік депортациялағаннан кейін еліміздегі немістердің саны 1 миллионға дейін өсті. Біз әрқашан Қазақстанның біртұтас халқының ажырамас бөлігіне айналған неміс отандастарымыздың еңбексүйгіштігі мен тату көршілігіне зор құрметпен қараймыз. Бүгінде Германияда 1 млн-ға жуық қазақстандық тұрып жатыр. Оның ішінде біздің елде тұрып, кейін тарихи отанына көшкендер де бар. Ал бізге келсек, Қазақстанда 200 мыңға жуық неміс халқы өмір сүріп жатыр», - деді Р. Василенко.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, ішкі экономиканы ілгерілетуде Германия өз үлгісімен ерекшеленеді.

«Өткен жылдың қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда қазақ-герман орталығы ашылды. Ондағы мақсат - Қазақстандағы неміс этносын шоғырландыру және жан-жақты қолдау. Сондай-ақ Қазақстан мен ГФР арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсу. Қорытындылай келе, сенім мен өзара түсіністікке негізделген жемісті ынтымақтастық үшін неміс достарымызға, әріптестерімізге және серіктестерімізге ризашылығымды білдіремін. Және дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығымен тағы да құттықтаймын!», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар