Қазақстанда қанша тауар биржасы бар

«Ұсынылып отырған Заң жобасының негізгі бөлімдеріне тоқталып кетейін. Қазіргі уақытта Қазақстанда 19 тауар биржасы лицензияланған. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес биржалық келісімдердің саны 2009 жылы 1 119-дан 2020 жылы 48 000 келісімге дейін, яғни 50 есеге өсті. Бұл ретте, жетекші үш тауар биржасының («Астана», ЕТС, «Каспи» биржалары) биржалық сауда-саттық көлемі 2020 жылы 291,2 млрд теңгені, яғни барлық сауда-саттық көлемінің 30%-ын құрады. Тұрақты биржалық саланы қалыптастыру мақсатында заң жобасында тауар биржаларының екі деңгейлі жүйесін енгізу ұсынылады», - деді Бақыт Сұлтанов.
Министр бірінші деңгейге тоқтала келе, сауда-саттықты биржалық тауарлармен жүзеге асыратын тауар биржалары үшін жарғылық капиталды 700 мың еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту көзделгенін айтты.
«Екінші деңгей, стандартталмаған тауарлармен ғана сауда-саттықты жүзеге асыратын тауар биржалары үшін талаптар бұрынғы деңгейде қалады. Яғни жарғылық капиталдың ең аз мөлшері 300 мың еселенген айлық есептік көрсеткішті құрайды. Биржалардың түрлі-тармақтарына бөлінуі биржалық сауданы жетілдіруге және дамытуға серпін береді. Яғни тек стандартталмаған тауарлармен сауда-саттықты жүзеге асыратын биржалар басқа қатысушылармен шоғырланып, қызметтер спектрін кеңейтіп, олардың сапасын жақсарту және көлемін ұлғайту арқылы өз потенциалын арттыруға тырысады», - деді Б. Сұлтанов.