Қазақстанда қант диабетін емдеуге қанша қаражат бөлінеді
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі 3 жыл аралықта Қазақстан қант диабетіне шалдыққандарды емдеу үшін 157 млрд теңгеден астам қаржы жұмсады. Бұл қаржыға негізінен дәрі-дәрмек сатып алынады.

Елімізде қант диабетіне шалдыққандар саны үздіксіз артып жатыр. Жыл сайын тізім 60-70 мың адаммен толығып отырады. Тіпті, ай сайын өсуде. Мәселен, 2024 жылдың 1 қазанында тізімде 516 564 адам болса, тура 2 айдан кейін (2024 жылғы 1 желтоқсан) тізім 522 224-ке жеткен. Оның 95 пайызы – II типтегілер. Ал 2022 жылы науқастар саны 383 мың болса, 2023 жылы 444 мыңнан асқан.
Науқастардың көбеюі салаға бөлінетін қаржыны да арттыруға мәжбүр етуде. Былтыр желтоқсанда Сенат депутаттары үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдап, қант диабетіне бөлінген қаржының есебін сұраған. Бектеновтің жауабында 2021 жылы қант диабетіне қарсы дәрі-дәрмек сатып алуға 31 млрд теңге жұмсалғаны, ал 2024 жылы 56,3 млрд теңге болғаны жазылған. 2025 жылға жоспар – 70 млрд теңге.
Бұған дейін тәтті сусындардың қант диабетіне әсері, оған қатысты қосымша салық салу жөнінде талдау жазған едік.