Елімізде қаражидек пен қарақат бағасы қанша

Қазір тосап дайындайтын кез. Kazinform тілшісі өңірлердегі қаражиде мен қарақат бағасы салыстырды. 

Қазақстанда қаражидек пен қарақат бағасы қанша
Коллаж: Kazinform; DALL-E

Жазда қияр мен қызанақты тұздап, түрлі жеміс пен жидектен тосап әзірлеп, қысқа дайындалады. Көп таңдаудың ішінен қаражиде мен қарақаттың бағасын бөлек білдік. Оның өз себебі бар. Әсіресе қара қарақат қыста суық тиіп ауырғанда өте пайдалы. С дәруменіне бай жидек иммунитетті де күшейтеді. Сонымен бірге ас қорыту жүйесін жақсартып, іштегі токсиндерді шығаруға септігін тизігеді. Қарақаттың тосабы есте сақтау қабілетін жақсартып, жүрек соғысын да қалыпты ұстайды.

Қаражидек тосабы да суық тигенде, мазасыз күй кешкенде, іш кеуіп, асқазан ауырғанда бірден-бір ем. Жидек құрамындағы антоциан обыр ауруының алдын алса, полифенол Паркинсон, Альцгеймер секілді ұмытшақтық ауруды болдырмауға септігін тигізеді.

Сонымен қаражидектің ең арзаны Өскемен мен Семейде сатылып жатыр. Келісі 1 500 теңгеден басталады. Ал Қызылорда, Тараз бен Шымкентте жидектің бұл түрі келісіне 1 700 теңге болып тұр. Қарағанды мен Түркістанда келісі - 1 800 теңге. Алматы, Павлодар мен Қостанайда қаражидек бағасы - 2 000-2 100 теңге. Жезқазған, Ақтөбе мен Астанада жидектің келісі 2 500 теңге және одан жоғары. Ал қаражидектің ең қымбаты Көкшетау (3 500 теңге) мен Орал қаласында (жарты келісі 1 900 теңге, демек келісі 3900 теңге).

Қазақстанда қаражидек пен қарақат бағасы қанша
Коллаж Kazinform

Қара қарақаттың бағасы әлдеқайда төмен. Себебі бау-бақша ұжымдарында жидектің бұл түрі жиі өседі. Дегенмен кейбір өңірде тек қатырылған түрін сатып алуға болады. Жұмсақ қаптамадағы қарақаттың салмағы 300 гр болса да бағасы өте жоғары.

Қарақаттың ең арзаны Астана қаласында сатылады. Келісі - 600 теңге (5 литерлік шелектің жартысы 6 000 теңге). Елордада қарақаттың арнайы қатырылған түрін де табасыз. Салмағы 300 гр болатын жидектің құны 1 850-2 325 теңге болса, келісі 5 700 теңгеге жеткен. Петропавлда қарақаттың бағасы 900 теңгеден (5 литрі - 4 500 теңге) басталады. Өскемен мен Семейде жидектің келісі 1 200, ал Түркістан мен Көкшетауда 1 500 теңге. Бұл жабайы қарақаттың бағасы. Ал бау-бақшада өскені қымбат.

Қара қарақаттың Ақтөбе мен Алматыдағы бағасы - 1 800 теңге және одан жоғары. Павлодар, Қарағанды мен Таразда баға 2 000 теңгеден басталады. Қостанай (келісі 2 500 тг басталады), Қызылорда мен Жезқазғанда (2 700 тг) қарақаттан тосап дайындау қымбатқа түседі. Қара қарақаттың ең қымбаты Шымкентте 3 000 теңге, Оралда жарты келісі 2 650 теңге, келісі 5 300 теңге болып тұр.

Қызыл түсті қарақат сирек болса да бар. Кейбір өңірден қазір таппайсыз. Тіпті сайт арқылы іздегеннің өзінде кезіктірмедік.

Ең арзаны Петропавлда сатылады. Келісі - 1 000 теңге (5 литрлік шелектегі қарақат - 5000 тг). Өскемен мен Семейде де баға 1 000 теңгеден басталады.

Орал, Қарағанды, Павлодар, Түркістан мен Қостанайда қызыл қарақаттың орташа бағасы 1 650 теңгеден басталып, 1 900 теңгеге дейін жетеді. Көкшетау, Ақтөбе мен Таразда баға Петропавлға қарағанда екі есе жоғары. Келісі - 2 000 теңге. Ең қымбат қызыл қарақат Жезқазған (2 500 тг) бен Астанада (300 гр қызыл қарақат бағасы 1 260 теңге, келісі 3 900 тг болады) сатылып жатыр.

Өткен аптада тез дайындалатын кеспе мен рамен бағасы жазылды.

Соңғы жаңалықтар