Қазақстанда қардың аз болуы су қорына қалай әсер етеді - маман пікірі

АСТАНА. KAZINFORM – Елдегі жұтаң келген қыстың су ресурстарына ықпалы туралы Қазақстан гидрогеологтер қауымдастығының президенті Данияр Жұмабеков Kazinform агенттігінің тілшісіне пікір білдірді.

Фото из личного архива
Данияр Жұмабековтің жеке архивінен

Сарапшының бағалауынша, қыс мезгілінің жыл сайын жұмсара түсуі соңғы жылдардағы тұрақты үрдіс. Бұл құбылыс гидрогеологиялық айналымға тікелей ықпал етеді. 

Данияр Жұмабековтің айтуынша, желтоқсанның басында тұрақты қар жамылғысының болмауы көктемгі су мөлшерінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Ал алдағы жаз ыстық та құрғақ бола түссе, кейбір ауыл шаруашылығы аймақтарында ылғал тапшылығының қаупі артады.

– Дегенмен бұны төтенше жағдай деуге келмейді. Негізгі кезең желтоқсанның екінші бөлігі, қаңтар және ақпан айлары. Осы уақытта қалыпты жауын-шашын түссе, су балансы қайта қалпына келеді, – деді маман.

Жылы әрі қарсыздау келген қыс теориялық тұрғыдан су қоймаларында судың тапшылығына да әкелуі мүмкін. 

– Су қоймалары өзендер мен қар суының есебінен толығады. Қар аз түскен қыста көктемгі су көлемі төмен болады. Бұл әсіресе оңтүстік өңірлер үшін өзекті, – деп атап өтті сарапшы.

водохранилище
Фото: ҚР Үкіметі

Қазір еліміздегі негізгі сегіз өзен бассейнінің жетеуі трансшекаралық саналады. Қазақстанның жыл сайынғы жаңартылатын жерүсті су ресурстарының 40%-дан астамы көрші мемлекеттер территориясынан келеді. Олар да табиғи және антропогендік факторларға тәуелді.

Айта кетейік, 1941 жылдан бергі ең жылы қараша айы биыл болды. Қазгидромет алдын ала болжамында бұл қыс қалыпты, жылы өтеді, температура күрт көтеріліп-түсіп отыратын кезеңдер жиілейді деп хабарлаған болатын.

– Қыс «қатты аяз – жылымық» формасында өтсе, қар қабаты біртіндеп еріп, топырақты ылғалдандырады. Кейінгі қайта тоңу оның үстінде мұз қатырмасын қалыптастырады. Мұндай жағдай көктемде, әсіресе кіші өзендер мен таулы аймақтарда, бақылаусыз тасқын қаупін күшейтеді, – деді Данияр Жұмабеков.

Сарапшының айтуынша, жерасты сулары табиғи өзгерістерге анағұрлым төзімді.

– Жерасты сулары сапасы мен деңгейлік режимінің тұрақтылығымен ерекшеленеді. Олар табиғи жолмен толығып отырады және бекітілген көлемдер аясында тұрақты пайдалануға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді ол.

Алайда жерасты су қоры еліміз бойынша біркелкі бөлінбеген. Тұщы судың ең мол қоры оңтүстік аймақтарда Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында шоғырланған, шамамен 60%. Ал ең аз қор Атырау, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және Ақмола облыстарында байқалады. 

– Бұл айырмашылық құрылымдық-геологиялық ерекшеліктер мен климаттық және гидрогеологиялық жағдайларға байланысты, – деді маман.

Соған қарамастан, гидрогеологтың айтуынша, алаңдауға негіз жоқ. Еліміз аумағында су қорлары бар жеткілікті аймақтар бар. Мысалы, Ақмола облысында мемлекеттік балансқа сәйкес шаруашылық-тұрмыстық және өндірістік-техникалық мақсатта күніне 500 мың текше метрден астам су есепке алынған. Алайда облыста шын мәнінде шамамен 300 мың текше метр су ғана пайдаланылып отыр.

Данияр Жұмабековтің пікірінше, ең маңыздысы – жерасты суларына мемлекеттік мониторинг жүргізу.

– Зерттеу жұмыстары жерасты суларының қарқынды пайдаланылуының өзендерге, көршілес аймақтардың гидрогеологиялық жағдайына және қоршаған ортаға қалай әсер ететінін анықтауға мүмкіндік береді. Ең бастысы – жерасты суларының ластануы мен сарқылуына қарсы шараларды бақылауды қамтамасыз ету, – деді маман.

Сондықтан ол жерасты суларына мониторинг желісін дамыту үшін қолданыстағы жүйені инвентаризациялау және жаңарту қажеттігін атап өтті.

– Ресурстардың сарқылуын толыққанды талдау және уақтылы анықтау үшін бақылау пункттерін күшейтіп, жерасты суларын автоматтандырылған IP-регистраторлар арқылы тіркеу қажет. Сонымен қатар гидрогеологиялық зерттеулердің жаңа әдістемелік негіздерін әзірлеу және барларын жаңарту, оның ішінде режимдік бақылаулар мен мониторинг жүргізу маңызды, – деді ол.

Маманның айтуынша, суды үнемдеуге арналған ирригациялық инфрақұрылымды жаңарту, каналдардағы судың шығынын азайту және ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу қажет. Сондай-ақ ол Сырдария, Іле, Талас және Шу өзендері бойынша көрші мемлекеттермен үйлестірудің маңыздылығын атап өтті, өйткені бұл өзендерде су тапшылығы қаупі жоғары.

Еске салсақ, Сырдария өзені бассейніндегі судың аздығы туралы қалыптасып отырған ахуал талқыланды. Нарын–Сырдария каскадына келіп түсетін су көлемі айтарлықтай төмендеген. Бұл келесі жылғы вегетациялық кезеңде су тапшылығы қаупін тудырады.

Сонымен қатар синоптиктер Астанаға не себепті қар жаумай тұрғанын түсіндірген еді.



Соңғы жаңалықтар