Қазақстанда кәсіпкерлер тауық жұмыртқаларының бағасын көрінеу көтерген
«Жұмыртқа бағасының әр аймақта 4,6% - 42,2% көлемінде түрлі бағамен сатылуы, кәсіпкерлер арасында ымыра бар болуы мүмкін деген күдік ұялатты», - делінеді хабарламада.
Антимонополиялық ведомствоның хабарлауынша, өндірушілер жазғы мезгілде шығын көргендіктен, қысқы маусымда кеткен залалды бағаны күрт көтеру арқылы өндіріп алмақ болған.
«Бәсекелестікті қорғау агенттігі заңнама ережелерін бұзуға қатысты өндірушілер мен жеткізушілер арасында 20 тергеу жүргізген. Сонымен қатар өзінің басым жағдайын пайдалану фактілерін анықтау бойынша 10 тексеріс жүргізілді. Тергеу көрсеткеніндей, отандық тұтынушылардың жоғары бағамен жұмыртқа сатып алуына, Ресей нарығындағы бағаның тым жоғарылап кетуі де әсер еткен. Бұл өз кезегінде алыпсатарлық жолмен бағаны аспандатып жіберді деген күдікті одан әрі дәлелдей түсті», - делінген хабарламада.
Тергеу материалдары сотқа жолданды. Алматы, Павлодар, Маңғыстау, ШҚО және Қостанай облыстарының соты ірі жеткізушілер мен өндірушілерді кінәлі деп тапты.