Қазақстанда Каспий маңы ойпатындағы көмірсутек ресурстарын игеру бойынша «Еуразия» жобасын жүзеге асыру басталды

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі парламенттік тыңдауда ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник мәлім етті.
«Алдыңғы қатарлы әлемдік сарапшылар жүргізген зерттеулердің негізінде Каспий маңы ойпатында ауқымды көлемдегі көмірсутектер қоры болжанып отыр, яғни оның көлемі 60 млрд. тонна мұнайға бағаланды»,-деді В. Школьник.
Оның сөзіне қарағанда, жүзеге асыруы басталған «Еуразия» жобасы аясында инновациялық геологиялық технологияларды пайдалану және 15 шақырымға дейінгі терең ұңғыманы бұрғылау қарастырылып отыр.
Осы жобаға бірқатар әлемдік мұнай-газ компаниялары қызығушылық танытқан. Қазіргі кезде консорциум құрылуда, сонымен қатар әлеуетті инвесторларға жеңілдіктер ұсыну зерделенуде.
Министрдің атап өтуінше, Қашаған кен орнын игеру мен ТШО-ны болашақта дамыту жобасын ескере отырып, 2031 жылға қарай мұнайды өндірудің жоғары көлемі 113 млн. тоннаға жетпек. Содан кейін 2040-2050 жылдары өндіру көлемін біркелкі төмендету қарастырылуда.