Қазақстанда кәсіпкер әйелдер саны қанша
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінгі таңда әйелдер кәсіпкерлігі экономика өсуінің негізгі нүктесінің бірі. 2025 жылғы деректерге сәйкес Қазақстанда бір миллионнан астам әйел шағын және орта бизнесті басқарып отыр, деп хабарлайды ҰЭМ баспасөз қызметі.
Министрлік атап өткендей, бұл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48,1%-ы.
Әйелдер сауданы, қызметтерді, сұлулық индустриясын, қоғамдық тамақтануды, білім беру жобаларын, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік бастамаларды батыл дамытып келеді. Олар өңір экономикасын нығайта әрі заманауи даму трендін қолдай отырып, тұрақты, технологиялық және қоғамдастыққа бағытталған кәсіпорындар құрып жатыр.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен елімізде 20 Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және шағын қалалар мен ауылдарда 164 өңірлік орталық жұмыс істейді. Олар қызметтерді ақысыз ұсынып, ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді қамтиды.\
Бүгінгі таңда әйелдер кәсіпкерлігін қолдау үшін төрт негізгі құрал бар:
Біріншісі — ақпараттық-консультациялық көмек. Әйелдер негізгі сұрақтарға жауап алады: бизнесті қалай тіркеу, ЭҚЖЖ таңдау, құжат ресімдеу, мемлекеттік қолдауды пайдалану және тендерлерге қатысу. 2026 жылғы 1 қаңтарда 16 326 әйелге 60 249 қызмет көрсетілді.
Екіншісі — жұмыс істеп тұрған бизнесті сервистік қолдау. Бұл бухгалтерлік есеп, салық, есептілік, «1С», бизнес-жоспар мен ілгерілету стратегиясын әзірлеу. Барлығы 6 410 әйелге 7 106 қызмет ұсынылды.
Үшінші құрал — «Іскерлік байланыстар». Кәсіпкерлер шетелдік әріптестермен байланыс орнатып, шетелде тағылымдамадан өтеді. Бағдарламаны 36 кәсіпкер, оның ішінде 10 әйел аяқтады.
Төртінші құрал — жергілікті өндірушілердің әлеуетін ашуға көмектесетін және ауылдық жердің экономикалық дамуын күшейтетін «Бір ауыл-бір өнім» жобасы. Бүгінгі таңда қатысушылардың 90%-ы әйелдер. 1 мыңнан астам қатысушы кеңес алса, оның ішінде 742-сі әйел. 38-і финалист атанды. Жоба 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант алуға және оқытуда, брендингте және өнімді жылжытуға қолдау алуға мүмкіндік береді.
Тағы бір бағыт — ЕҚДБ-мен бірлескен «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы. 2015 жылдан бастап 565 консалтингтік және коучингтік жоба өткізілген.
Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 10 мыңға жуық кәсіпкер «Микробизнестегі әйелдер» бес модульді онлайн бағдарламасына қатысты. Мемлекеттік субсидиялау және кепілдік беру құралдары кәсіпкер әйелдер үшін қаржы мен бизнесті дамытуға тең жағдай жасайды.
Кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау құралы 13,2%, ал әлеуметтік кәсіпкерлер үшін 12,2% ставка бойынша беріледі. Несиелер 3 жылға дейін 200 млн теңгеге дейін беріледі. Барлығы 3373 жоба 365,7 млрд теңгеге қолдау тауып, 268,5 млрд теңге субсидия төленді. Оның ішінде 1423 жоба, яғни 42% — әйелдердікі. Несие сомасы 119,7 млрд теңге.
Кепіл жетіспейтін кәсіпкерлер үшін мемлекет кепілдік береді. 1 және 2 Кепілдік қорлары шеңберінде кепілдік беру құралы. Бұл тетік шағын және орта бизнеске 7 млрд теңгеге дейін ірі несие алуға көмектеседі. Кепілдіктің ең жоғары мөлшері — 85% дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайды. 603,4 млрд теңгеге 3 110 жобаға қолдау көрсетіліп, 304,2 млрд теңгеге кепілдік берілді. Оның ішінде 1 262 жобаны әйелдер іске асырған: олар 67,7 млрд теңгеге кепілдікпен 132,4 млрд теңгеге несие алды.
— Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар «Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйел мен қыздың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» тұрақты даму мақсатына қол жеткізуге елеулі үлес қосады. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағдарламаларын дамыту, қаржыландыруға қол жеткізу, сондай-ақ оқыту мен тәлімгерлік әйелдер үшін қосымша мүмкіндік туғызып, Қазақстанда гендерлік теңдікке қол жеткізудегі прогресті жеделдетеді, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Осыдан бұрын елімізде әлеуметтік кәсіпкерлер саны бір жылда екі есеге жуық өскенін жаздық.