Қазақстанда барлық қалдық түрін реттейтін тұжырымдама әзірленіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде қалдықтарды басқару саласындағы қаржыландырылатын жобалар саны 5 есе артады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлім етті. 

Қазақстанда қатты қалдықтарды реттеу тұжырымдамасы әзірленіп жатыр
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Биыл 28 наурызда Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында коммуналдық және өндірістік қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы саясатты жүйелі түрде қайта қарау қажеттілігіне ерекше назар аударылды, — деді Жомарт Әлиев Астанада өткен IX еуразиялық бизнес форумында.

Осы орайда Экология және табиғи ресурстар министрлігі мүдделі тараптармен бірқатар бастаманы қолға алды:

— 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін барлық қалдық түрін басқару жөніндегі тұжырымдама әзірлеу;

— Қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды іске асыру жұмысын жандандыру және қаржыландырылған жобалар санын 5 есе арттыру;

— Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату саласындағы жобалар тізбесін айқындау;

— Қалдықтарды есепке алу және мониторинг жүргізу бойынша цифрлық шешім енгізу;

— Өңір әкімдіктеріне қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі әр жобаны пайдалануға берілгенге дейін толық сүйемелдеуді қамтамасыз ету.

— Өнеркәсіп және құрылыс және Энергетика министрлігіне өндірістік қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорындарға қолдау көрсету мен ынталандырудың нақты шараларын әзірлеу.

— Жоғарыда аталған қадамдар қалдықтармен жұмыс істеудің орнықты әрі ашық жүйесіне жедел көшуге саяси ерік-жігер бар екенін көрсетеді және саладағы ұлттық стратегияны күшейтуге негіз, — дейді министрдің орынбасары.

Бұған дейін Экология вице-министрі Жомарт Әлиев Қазақстанда «Жасыл» салық енгізу туралы ұсынысты жан-жақты талдау қажеттігін айтқан еді

Айта кетейік, бүгін Астанада «Жаңартылатын энергия және қалдықтарды қайта өңдеу» атты тақырыпта ІХ еуразиялық бизнес-форум өтті. Аталған жиында Мәжіліс депутаты Ажар Сағындықова Қазақстанда қалдықтарды басқару бойынша жеке заң жобасын әзірлеу керектігін айтып, «жасыл» салық енгізуді ұсынды

Соңғы жаңалықтар