Қазақстанда қай елдердің азаматтары қылмысты көп жасайды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Мигранттар еліміздегі криминалдық жағдайға айтарлықтай әсер етпейді. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда қай елдердің азаматтары қылмысты көп жасайды

«Жалпы алғанда, мигранттар еліміздегі криминалдық жағдайға елеулі әсер етпейтінін атап өткім келеді. Соңғы жылдардағы статистиканы алсақ, елімізде жасалатын қылмыстардың ішінде мигранттардың үлес салмағы 2,5 пайыздан аспайды. Көп жағдайда олар ТМД елдерінің азаматтары», - деді Қ. Қасымов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет отырысында Ішкі істер министрі елімізде заңсыз көші-қон негізінен еңбек мигранттарының арасында байқалатынын айтқан еді. 

«Жыл сайын 100 мыңнан астам шетел азаматтары әкімшілік жауапқа тартылады, олардың 10 мыңнан астамы елден шығарылады. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған екі мыңнан астам жұмыс берушіге айыппұл санкциясы салынды. Өткен жылы бюджетке 115 млн теңге қаржы түсті. Қылмыстық кодексте заңсыз көші-қонды ұйымдастырған адамға бес мың АЕК көлемінде айыппұл немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру белгіленген. Өткен жылы осындай фактілер бойынша 89 қылмыстық іс қозғалған», - деді Қ. Қасымов.