Қазақстанда «Қайырымды істер марафоны» басталды

Осы орайда бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның, донорлар, меценаттар мен волонтерлердің, ұйымдардың қатысуымен аталған жобаға қатысты іс-шара ұйымдастырылды.
Айта кетейік, «Қайырымды істер» марафоны бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын.
Былтыр желтоқсан айында Волонтер жылының жабылу рәсімінде Президент Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер марафоны « ұйымдастырылатынын айтты.
«Енді санаулы күннен соң біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – ел дамуындағы аса маңызды белес, тарихи меже. Сондай-ақ, жетістігімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын кезең. Келер жылғы мерейтойлық іс-шаралардың мазмұнына ерекше мән береміз. Оның әрқайсысы терең мағыналы және қоғам үшін пайдалы болуға тиіс. Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруі шарт. Осыған орай жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер марафонын» ұйымдастыруды ұсынамын», - деді Мемлекет басшысы. ҚР Президентінің пайымынша, бұл – береке-бірлігімізді арттыратын маңызды бастама.