Қазақстанда кен мен концентрат экспортын бақылаудың жаңа тетігі енгізілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Құрамында бағалы металдар бар шикізат айналымын бақылаудың жаңа тетігі енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауапта айтты. 

Қазақстанда кен мен концентрат экспортын бақылаудың жаңа тетігі енгізілуі мүмкін
Фото: Қазақмыс

— Қазір министрлік шикізат тауарларын әкетуді бақылау тетігін жетілдіру үшін аккредиттелген зертханалардың тізбесін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ. «Ұлттық технологиялық болжау орталығы» РМК базасында кенді, техногенді шикізаттағы сирек және жерде сирек кездесетін металдарды анықтайтын өңірлік зерттеу орталығын құру қолға алынды. Зертхананың негізгі артықшылығы халықаралық аккредитацияның болуы, әлемдік озық стандарттарға сәйкестік, заманауи әдістер мен тәсілдерді қолдану, жоғары технологиялық жабдықтар және инновациялық технологиялар болады, — деп жазылған министрдің жауабында.

Айта кету керек, әлем назары Қазақстанға сирек металдар көзі ретінде ауған кезеңнен бастап елде аса құнды металдар кен мен концентрат түрінде заңсыз экспортталып жатқаны айыптаулар көбейіп келеді. Бұған дейін депутат Азат Перуашев «Қазақмыстың» сирек металдарды «кен» ретінде сыртқа шығарып жатқаны қаншалықты рас екенін сұрап, сауал жолдаған болатын

Оған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қасаң жауап қайырған

Ол жауапқа көңілі толмаса керек, бұл жолғы сауалдың бастамашысы да Азат Перуашев.

— Министрлік құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының айналымын бақылаудың қосымша тетігін енгізу мәселесін пысықтайды, — деп жазады Ерсайын Нағаспаев. 

Соңғы жаңалықтар