Қазақстанда кеншілер қанша табыс табады
АСТАНА. KAZINFORM – Тамыздың соңғы жексенбісінде қазақстандық кеншілер кәсіби мерекесін атап өтеді.

Мемлекеттік электронды еңбек биржасы Enbek.kz және Hh.kz сайтындағы деректерге сәйкес, жер астында жұмыс істейтін кеншілерге 165,3 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейінгі жалақыға бос жұмыс орындары ұсынылып жатыр.
Жалақы мөлшері орындалатын міндеттің күрделілігіне, үміткердің жұмыс өтіліне және жұмыс беруші компанияның ауқымына байланысты. Жарияланған хабарландыруларға қарағанда, тау-кен шебері 400–500 мың теңге шамасында, маркшейдер 470 мыңнан 621 мың теңгеге дейін жалақы алуы мүмкін.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, биыл екінші тоқсанда кен өндіру өнеркәсібі қызметкерлерінің орташа атаулы жалақысы 888,9 мың теңгеге жетті. Экономиканың басқа салаларымен салыстырғанда бұл көрсеткіш қаржы саласынан кейін екінші орында тұр.
Алайда 888,9 мың теңге «Кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді игеру» категориясы бойынша орташа есептелген көрсеткіш. Санат бойынша нақтылау көрсеткендей, көмір, металл немесе басқа пайдалы қазбаларды өндіретін шахта жұмысшылары мұндай көлемде табыс алмайды. Орташа көрсеткіштің жоғары болуына мұнайшылардың жалақысы әсер етеді.
- «Шикі мұнай мен табиғи газ өндіру» секторында 2025 жылғы сәуір-маусымда орташа атаулы жалақы 1,4 млн теңге;
- Көмір өндіруші компанияларда – 673,1 мың теңге;
- Металл рудаларын өндіру кәсіпорындарында – 698 мың теңге;
- Басқа пайдалы қазбаларды өндіретін компанияларда – 446,5 мың теңге.
Соңғы жылдары кен өндіру өнеркәсібіндегі жалақының өсу қарқыны экономика бойынша орташа деңгейден сәл жоғары. Ұлттық статистика бюроның деректеріне сәйкес, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында атаулы жалақы экономика бойынша орта есеппен 10,7%, ал кен өндіру өнеркәсібінде 12,9% өсті. Нақты жалақының сатып алу қабілеті де өсім көрсетті, жалпы экономикада – 0,3%, кен өндіру өнеркәсібінде – 2,3%.
Анықтама: атаулы жалақы – жалпы жалақы қорын жұмыскерлер санына бөлу арқылы алынатын статистикалық көрсеткіш. Ол салыстыру үшін қолданылады, бірақ барлық қызметкер мұндай соманы ала бермейді. Нақты жағдайға модальды жалақы (ең жиі кездесетін жалақы) жақын. Әдетте ол атаулы жалақының 30–50% шамасында болады.
Мысалы, өткен жылы кен өндіру өнеркәсібінде орташа атаулы жалақы 866,5 мың теңге болды. Бірақ, ең жиі кездесетін жалақы 372,6 мың теңге болды, яғни атаулы жалақының небәрі 43%-ы. Бұл көрсеткіш қазіргі жұмыс берушілер ұсынатын жалақы көлеміне өте жақын. Ал медиандық жалақы (орталық мән) өткен жылы 533,2 мың теңгені болды.
Ұлттық статистика бюро есебінде жекелеген мамандықтар бойынша да мәлімет келтірілген:
- Жерасты кеншісінің орташа атаулы жалақысы – 520,4 мың теңге;
- Алыстан басқаратын машинист – 609,4 мың теңге;
- Тау-кен инженері – 649 мың теңге;
- Жабдықты монтаждаушы электрслесарь – 769,2 мың теңге;
- Инженерлік-техникалық қызметкерлер арасындағы ең жоғарысы – тау-кен техникалық инспекторының жалақысы - 1,9 млн теңге.
Басшылық құрамның жалақысы орташа деңгейден әлдеқайда жоғары:
- Ірі тау-кен кәсіпорны басқарма төрағасы – 3,4 млн теңге;
- Бас директор – 3,1 млн теңге;
- Карьер бастығы – 1,7 млн теңге.
Айта кетейік, биыл тау-кен саласында 6,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.