Қазақстанда кейбір экономикалық құқық бұзу әрекеттері қылмыс санатынан шығарылады

Құқық бұзу әрекеті
Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM –  Қылмыстық кодекстен бизнес мүддесіне қатысты бірнеше бап қылмыс санатынан шығарылмақ. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Экономикалық қылмыстарды қылмыстық сипаттан арылтудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Парламент Мәжілісі тиісті заң жобаларына бастама жасады. Өз кезегінде агенттік Үкімет қорытындыларының жобаларын даярлады. Түзетулердің мақсаты – қылмыстық процесте азаматтар мен кәсіпкердің құқығын қорғау. Агенттік тергейтін істердің 80 пайызы қоғамға қауіпті қылмыстарға қатысты екенін ескерген жөн. Олар үшін жазаны жеңілдету қылмыс пен көлеңкелі экономиканың өсуіне әкелуі мүмкін. Бұл тұрғыда барлық тәуекелді ескере отырып, заң жобаларында Қылмыстық кодексте кәсіпкерлер мүдделерін қозғайтын 4 бап қылмыс санатынан шығару қарастырылған», - деді Ж. Елемесов.

Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістерді мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП және Президент Әкімшілігі концептуалды түрде қолдап отыр.

Заң жобаларында Қылмыстық кодекстегі екі бапты толықтай қылмыс деп танымау ескерілген. Біріншіден, кредиттi заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалануға қатысты 219-бап қамтылды. Атап айтқанда, субсидиялардың негізділігі мен мақсатын уәкілетті органдар мен ұйымдар тексереді. Барлық дауларды олар азаматтық сот ісін жүргізу аясында шешеді.

Екіншіден, Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу мәселесін қамтыған Қылмыстық кодекстің 241-бабы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылмақ.

«Тәжірибеге сүйене отырып, бухгалтердің шамалы ғана қателігі адал кәсіпкер үшін ұзақ және ауыр тергеуге айналуы мүмкін. Сондықтан оны әкімшілік жауапкершілік санатына ауыстыруды жөн көріп отырмыз», - деді Жеңіс Елемесов.

Оның сөзіне қарағанда, ішінара қылмыс санатынан шығару кеден саласындағы құқық бұзу әрекеттерін де ескеріп отыр. Яғни Қылмыстық кодекстің 234-бабы (Экономикалық контрабанда) және 236-бабы (Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару) қарастырылып отыр. Бұл ретте, түзетулер аясында олар үшін қылмыстық жауапкершіліктің шекті деңгейін көтеру ұсынылды.

«Бұл жерде шағын және орта бизнесті қолдауды жөн көрдік. Өздеріңіз білетіндей, кәсіпкерлердің көпшілігі сауда саласымен айналысады. Бұл бағыттағы өзгеріс бизнестің дамуына серпін береді деп сенеміз», - деді агенттік өкілі.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Абзал Құспан аталған заң жобаларына енбей қалған тағы бір бапқа тоқталды.

«Қазір Мәжілісте Қылмыстық-процестік кодексін оңтайландыру туралы заң жобасы қаралып жатыр. Осы құжат аясында Қылмыстық кодекстің 197-бабын (Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу) Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстыру немесе мүлдем алып тастау туралы мәселе көтерілді», - деді А. Құспан.

Соңғы жаңалықтар