Қазақстанда Қытаймен су бөлу келіссөздерін жүргізе алатын неше дипломат бар

АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстанда Қытаймен су бөлу келіссөздерін жүргізе алатын неше дипломат бар екенін айтты.

Су ресурстары министрлігінің алқа мәжілісі
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Ведомствоның алқа мәжілісінен журналистер алдына шыққан министрге трансшекаралық өзендер бойынша келіссөз жүргізетін дипломаттардың тапшылығы туралы сұрақ қойылды.

- Біздің министрліктің құрамында трансшекаралық өзендер бойынша келіссөз жүргізетін арнайы халықаралық департамент бар. Оның штат саны 18 адам. Оның ішінде екі басқарма бар. Бір басқарма тікелей Қытай Халық Республикасымен және Ресей Федерациясымен келіссөз жүргізеді. Екінші басқарма Орталық Азиядағы төрт көршімізбен келіссөз жүргізеді, - деді ведомство басшысы.

Нұржан Нұржігітовтің сөзінше, су дипломатиясын дамыту үшін министрліктің орталық аппаратына да тіл білетін мамандар тартылған.

- Департаменттегі 18 адамның біреуі оның басшысы, тағы бір адам басшының орынбасары. Сонда екі басқармада 8-8-ден су дипломаты бар. Одан бөлек министрліктің орталық аппаратында қытай, ағылшын, түрік тілдерін білетін мамандар бар. Олар да су дипломатиясын дамыту үшін арнайы шақыртылған мамандар, - деді министр.

Айта кету керек, Қазақстанның 400-ге жуық дипломаты әлемде сирек саналатын тілдерді меңгерген. 

Соңғы жаңалықтар