Қазақстанда кімдер бортсерік бола алады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін – Халықаралық бортсеріктер күні. Елімізде аталған қызметкерлерге қандай талаптар қойылады? Оларға нендей жеңілдіктер қарастырылған? Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болған бортсерік Гүлмира Исматуллаева осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.

– Бала кезімнен бортсерік болуды армандадым. Ол кезде 7 жаста едім. Өсе келе армандарым ауысты. Бірақ осыдан екі жыл бұрын осы қызығушылығым қайта ашылды. Көп саяхаттаған соң бортсеріктерді де жиі көре бастадым ба, әйтеуір, осы нәрсе маған ерекше әсер етті. Бұл салаға жақында ғана келдім. Бүгінге дейін жұмыс барысымен тек үш мемлекетке ұшып үлгердім. Мен шетел филологиясын ағылшын тілі бойынша бітірдім. Бортсерік болу үшін арнайы мамандықты тәмамдаудың қажеті шамалы. Оған нақты бір дипломның да керегі жоқ, - дейді студия қонағы.
Гүлмира Исматуллаева бортсерік болу үшін қандай талаптар қойылатынын айтып берді.
– Алдымен арнайы іріктеуден өтеміз. Онда өте көп үміткер болады. Басты талап – 18 жастан асқан Қазақстан Республикасының азаматы болу. Одан бөлек, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлей алуың керек. Өзге талаптар әр компанияда әртүрлі. Біздің компаниямызда бортсеріктің бойы 165 сантиметрден жоғары болуы қажет. Сонымен қатар міндетті түрде денсаулығыңыз жақсы болуы тиіс. Біз медициналық тексеруден өтеміз. Ол кезде денсаулығымыз толықтай тексеріледі. Бортсеріктерді дайындағанда медициналық көмек көрсету шараларын да міндетті түрде үйретеді. Сондықтан олар алғашқы көмекті қалай көрсету керектігін біледі. Бірақ бүгінге дейін менің рейсімде мұндай жағдай болған емес, - дейді ол.

Маман бортсерік болудың ең қиын тұсы тұрақсыз жұмыс кестесі екенін жеткізді.
– Жұмыс кестеміз әртүрлі. Мысалы, 7 күн болса, оның тек 2 күнінде жұмысқа шығып, қалған 5 күнінде демаламыз. Кейде керісінше, 5 күн жұмыс істеп, 2 күн тынығамыз. Біздің мамандығымыздың ең қиын тұсы да осы жұмыс кестесі деп ойлаймын. Кейде түнде, таңда рейстер болады. Кей кезде жолаушылар шаршап келеді. Соның әсерінен бізді де шаршатады. Ондай кезде жолаушылармен дауласпаймыз. Бортсеріктер сабырлы болуы керек, - дейді Гүлмира Исматуллаева.
Студия қонағы жұмыстан бөлек жеке өміріне де жеткілікті уақыт бөлетінін жасырмады.
– Бортсеріктердің жеке өміріне де уақыт табылады. Кестеміз қиын болғанымен, қаншалықты көп жұмыс істесек, соншалықты көп демаламыз. Кеңседегі қызметкерлер күнде бір адамдарды көреді. Ал біздің жұмысымызда әуеде неше түрлі адамдарды кездестіресің. Бір рейсіміз екінші рейске ұқсамайды. Тіпті әріптестеріміз де әр рейс сайын өзгеріп тұрады, - дейді ол.

Гүлмира Исматуллаева бортсерік болудың ең басты артықшылықтарына да тоқталды.
– Шетелдерге ұшып барған кезде сол елде саяхаттайсыздар ма деп көп адам сұрайды. Бұл – ұшу уақытының ұзақтығына байланысты. Мысалы, Тайландқа 9–10 сағат ұшып барса, бортсеріктер онда міндетті түрде қалып, демалып, келесі рейсте қайтадан ұшады. Оған қоса, әуе компаниясының жұмысшылары 90% жеңілдікпен ұша алады. Ол үшін билет өзіміз жұмыс істейтін әуе компаниядан алынуы керек. Одан бөлек, отбасымыздағы адамдар да осы мүмкіндікті пайдалана алады, - дейді маман.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасында тікелей әуе рейсі іске қосылғанын хабарлаған едік.