Қазақстанда кімдер миллион теңгеден артық жалақы алады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар қай салада жоғары жалақы алады, қандай мамандықтарда еңбекақы төмен және өңірлер арасындағы табыс айырмашылығы қаншалықты? Kazinform тілшісі Ұлттық статистика бюросының деректерін зерделеп, елдегі жалақы деңгейіне қандай факторлар әсер ететінін анықтады.

Қазақстанда кімдер миллион теңгеден артық жалақы алады
Фото: Kazinform/ЖИ

Жарияланған мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда орташа сағаттық жалақы 2 508 теңгені құрайды. Ер адамдар сағатына орта есеппен 2 859 теңге алса, әйелдердің жалақысы — 2 180 теңге, яғни зерттелген деректер бойынша әйелдердің сағаттық еңбекақысы ерлерге қарағанда шамамен 24 пайызға төмен.

Жалақы мөлшеріне қызметкерлердің жасы да әсер етеді. Ең жоғары орташа сағаттық жалақы 35–44 жас аралығындағы қазақстандықтарға тиесілі — 2 773 теңге. Ал 45–54 жас тобында бұл көрсеткіш сәл төмендеп, 2 658 теңгені құрайды. 25–34 жастағы қызметкерлер сағатына орта есеппен 2 396 теңге алады. 16–24 жас аралығындағы жастардың сағаттық жалақысы — 1 757 теңге. Ал 65 жастан асқан жұмысшыларда бұл көрсеткіш 1 947 теңгеге тең.

Мамандық таңдау: тегін платформа қандай мүмкіндік береді
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Алайда жалақы айырмашылығы тек жас пен жынысқа байланысты емес. Өңірлер арасында да айтарлықтай алшақтық бар. Мәселен, орташа сағаттық жалақының ең жоғары көрсеткіші Алматы қаласында тіркелген — 3 471 теңге. Екінші орында Астана қаласы — 3 286 теңге. Жалақысы жоғары өңірлер қатарында Маңғыстау облысы (3 188 теңге), Ұлытау облысы (3 186 теңге) және Атырау облысы (3 134 теңге) бар.

Ал бірқатар өңірде сағаттық еңбекақы әлдеқайда төмен. Мысалы, Түркістан облысында бұл көрсеткіш 1 771 теңге, Солтүстік Қазақстан облысында — 1 823 теңге, Жетісу облысында 1 847 теңге. Салыстырсақ, Алматы мен Түркістан облысындағы сағаттық жалақының айырмашылығы екі есеге жуық.

Ұлттық статистика бюросы жекелеген мамандықтар бойынша да мәлімет ұсынған. Олардың арасында орташа айлық атаулы жалақы мөлшері бойынша ұйым басшылары көш бастап тұр. Олардың табысы — 1 101 149 теңге. Цех басшылары орта есеппен 938 340 теңге, ал мамандандырылған бөлімшелердің басшылары 715 233 теңге алады.

доллар, теңге, валюта
Фото: Kazinform/ЖИ

Инженерлік мамандықтар арасында еңбекті қорғау жөніндегі инженерлердің жалақысы 645 015 теңгені, инженер-технологтардың жалақысы 616 991 теңгені, инженер-энергетиктердің жалақысы 615 093 теңгені құрайды.

Әлеуметтік саладағы мамандардың жалақысы бұдан төмен. Дәрігерлер орта есеппен 491 385 теңге, жоғары оқу орындарының оқытушылары 467 729 теңге, мектеп мұғалімдері 415 042 теңге алады. Медбикелердің орташа жалақысы — 264 636 теңге, тәрбиешілердікі — 271 309 теңге.

Басқа да сұранысқа ие мамандықтар бойынша айырмашылық байқалады. Заңгерлердің орташа айлық жалақысы 541 967 теңгеге, экономистердікі 511 843 теңгеге, сатушылардікі 474 611 теңгеге жетеді. Ал қоғамдық тамақтану саласында аспаздар орта есеппен 192 626 теңге, даяшылар 223 510 теңге алады. Қосалқы жұмысшылардың жалақысы — 217 448 теңге.

Минимальные зарплата и пенсия в Казахстане выросли почти в два раза за семь лет
Фото: Kazinform/ЖИ

Экономика салалары бойынша салыстырғанда да осыған ұқсас көрініс байқалады. Орташа айлық жалақы мөлшері бойынша қаржы және сақтандыру қызметі көш бастап тұр — 1 021 234 теңге. Екінші орында ақпарат және байланыс саласы, мұнда қызметкерлер орта есеппен 846 260 теңге алады. Көлік және қоймалау саласында бұл көрсеткіш 559 627 теңге, ал тұру және тамақтану қызметтерінде 519 215 теңгені құрайды.

Көтерме және бөлшек сауда саласындағы орташа айлық жалақы — 473 705 теңге, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында — 438 188 теңге. Мемлекеттік басқару саласында қызметкерлер орта есеппен 335 276 теңге, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында 355 102 теңге алады. Білім беру саласындағы көрсеткіш — 327 723 теңге, өнер, ойын-сауық және демалыс саласында — 315 248 теңге.

Бұған дейін 2027 жылдан бастап 1,8 млн қазақстандықтың жалақысы өзгеретінін жазған едік.