Қазақстанда қоғамдағы түйткілді мәселелерді талдайтын сарапшылар клубы құрылды

«Біздің институт қабырғасында «Sarap» сарапшылар алаңы ұйымдастырып жатырмыз. Басқаша айтқанда, түрлі сала сарапшылар клубы. Мақсат – қоғамда орын алып жатқан түрлі түйіткілді мәселелерді сарапшылармен талқылау. Сонымен қатар кеше ғана Мемлекет басшысы халық алдына үшінші Жолдауын ұсынды. Біз алға қойған тағы бір міндет Жолдауда айтылған маңызды дүниелерді сарапшылармен ой талқысына сала отырып, одан әрі халыққа жеткізу», - деді «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының жетекшісі Қазбек Майгелдинов.
Оның айтуынша, сарапшылар белгілі бір қоғамдық мәселені талқыға салып, нәтижесінде қарар қабылданатын болады.
«Қоғамды толғандырып отырған мәселені сараптап, оны шешу жолын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне резолюция ретінде ұсынатын боламыз. Тағы бір айтып өтетін сәт, біздің алаң тек Жолдау кезінде ғана емес, одан кейін де жұмыс істей береді. Қоғамдық саяси процестер біздің назарда болады. Елімізде орын алып жатқан жайттарды апта сайын онлайн және офлайн форматта қарастыратын боламыз. Елімізде қоғамда орын алып жатқан жайттарды талдап, оған уақытылы баға беретін саяси алаң аздығы байқалады. Осы орайда сарапшылар алаңы керек-ақ», - дейді ол.