Қазақстанда көктемгі әскер қатарына шақыру науқаны аяқталуға жақын қалды

Қазіргі кезде Алматы қаласынан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарынан әскер қатарына шақырылғандар әскери борыштарын өтейтін бөлімдерге жөнелтілді.
24 мамырға дейін елордада, сондай-ақ Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Қызылорда облыстарының орталықтарында әскерге жаңа шақырылғандарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімдері өтеді.
Болашақ сарбаздарды Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ауған соғысына қатысушылар және жауынгер интернационалистер, жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, әскери-патриоттық клубтар мен мектептердің тәрбиеленушілері шығарып салады.
Еске сала кетсек, көктемгі әскерге шақыру науқаны сәуірде басталды. Мерзімді әскери қызметке шақыру аясында барлығы 15 мың жас әскерге шақырылатын болады.
Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа әскерлері мен құралымдарының қатарын 30 мың әскерге шақырылушы толықтырады.