Қазақстанда көктемгі су тасқынымен күреске 49 мың адам жұмылдырылуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы көктемгі су тасқынымен күреске 49 мың адам жұмылдырылуда. ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин ҚР Парламенті Сенатындағы су қауіпсіздігі мәселелері бойынша меморгандар кездесуінде осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Су тасқыны кезінде болуы ықтимал қиыншылықтарды еңсеру үшін жылдам әрекет ету мақсатында Ішкі істер министрлігінің және жергілікті атқару органдары бөлімшелерінің арнайы топтары құрылды. Оған 49 мыңнан астам адам мен 16 мыңнан астам техника жұмылдырылды. Су басқан жағдайда елді мекендерді көшіру үшін уақытша паналайтын орындар анықталды, көшіру бағыты жасалды, қажетті көліктер бөлінді. Ішкі істер министрігі бөлімшелерінде қор құрылды, Ұлттық гвардия бөлімшелерінде - уақытша баспанасыз қалғандарға лагерьлер қарастырылды», - деді Ю. Ильин.
Оның айтуынша, халыққа хабар беретін радиоқабылдағыш, кабельді телевидение және республикалық хабар тарату жүйелері және дабыл беру жұмысы әзірленген. Бірақ, бұл Қазақстан аумағының 60 пайызын ғана қамтиды. Сондықтан, төтенше жағдай туындағанда СМС-хабар тарату белсенді қолданылып, халықты құлағдар етуге ішкі істер органдарының автокөліктері тартылады.
Әзірге елді мекендерден 5 миллион текше метрден астам қар шығарылды және бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Жанар-жағармай, қиыршық тас-құмдар және қажет болған жағдайда мұз жаратын жарылғыш заттар қоры әзірленді.
Әкімдіктер төтенше жағдайдағы шұғыл қажеттіліктер үшін 24 миллиард теңге көлемінде қор жинады.