Қазақстанда көкжөтел 8 есе азайды - Санэпидбақылау комитеті
АСТАНА.KAZINFORM- Елде көкжөтелге шалдыққандар саны былтырмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеді. Дәрігерлер мұны уақытылы вакцинацияның нәтижесі деп атап, ата-аналарды екпені кешіктірмеуге шақырады.
Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin LIVE» бағдарламасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Мадина Орысбаева көкжөтел инфекциясының таралуы мен алдын алу шаралары туралы түсіндірді.

Маманның айтуынша, көкжөтел – жоғары тыныс жолдарының шырышты қабатын зақымдайтын, ұзаққа созылатын ауыр жөтелмен сипатталатын қауіпті инфекция.
- Көп жағдайда бұл ауру құлақтың ісінуіне, пневмонияға, тіпті өлім-жітімге әкелуі мүмкін. Сақтанудың ең тиімді жолы – уақытылы вакцинациялау, - деді Мадина Орысбаева.
Қазақстанда көкжөтелге қарсы екпе кестесі Үкімет қаулысымен бекітілген. Вакцина 2, 3, 4 және 18 айында, сондай-ақ 6 жаста ревакцинация түрінде жүргізіледі.
Эпидемиологиялық жағдай былтырмен салыстырғанда жақсарған. 2024 жылы 3 мыңнан астам жағдай тіркелсе, биыл 11 ай қорытындысы бойынша 388 адам ғана ауырып, көрсеткіш 8 есе төмендеді. Оның 381-і – 14 жасқа дейінгі балалар, ал науқастардың басым бөлігі, яғни 87%-ы - 5 жасқа дейінгілер.
- Көкжөтел жағдайларының 90%-ы вакцина алмаған балалар арасында тіркеліп отыр. Көп ата-ана түрлі себеппен екпеден бас тартады. Ал аурудың алғашқы белгілері ЖРВИ-ге ұқсас, түнде күшейетін ауыр жөтелмен жалғасады, - деді комитет өкілі.
Дәрігер ата-аналарды алғашқы симптомдар байқалғанда балаларды өз бетімен емдемей, міндетті түрде дәрігерге жүгінуге шақырды. Сондай-ақ тек тексерілген ақпарат көздеріне сену маңызды.
Әрбір ата-ана ҚР ДСМ ресми сайты, e-gu.kz платформасы және 7701 қысқа нөмірлі «ыстық желі» арқылы сенімді ақпарат ала алады
Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстанда көкжөтелмен ауырған 18 баланың дені екпе алмағанын жазған едік.