Қазақстанда көлік апаттарының әрбір 11-і жолдың қарсы бағытына шығудан болады - ІІМ

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Өткен аптада елімізде 206 жол-көлік оқиғасы  (ЖКО) тіркелді, салдарынан 73 адам қаза болып, 267-сі жарақаттар алды.

Қазақстанда көлік апаттарының әрбір 11-і жолдың қарсы бағытына шығудан болады - ІІМ

Тіркелген апаттардың дені жолдың қарсы бетіне шығып кетумен байланысты болды. Бұл туралы ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінен мәлім етті.

«ЖКО-ларға жасалған талдау көрсеткендей, жыл басынан орын алған апаттардың әрбір 11-і жүргізушілердің жолдың қарсы бағытына шығуымен байланысты болды. Онымен қоса, зардаптардың ең жоғары көрсеткіші осы бұзушылыққа тиесілі, нақты айтқанда, жолдың қарсы бағытына шығып кетуден болған жол апаттарында зардап шеккен әрбір 100 адамға 28 қаза болған адамнан келеді»,-деп атап өтті ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы Берік Бисенқұлов.

Мұндай бұзушылықтардың себептері әртүрлі - алда келе жатқан машинаны басып озу әрекеті, кенеттен маневр жасау, алаңғасарлық. Өкінішке қарай, бұлардың соңы қайғылы аяқталады.

«Көлікті басып озудың қиындығы мен қауіптілігі  - жүргізуші қысқа уақытта маневрді жасаудың қауіпсіздігіне әсер ететін көптеген факторларды ойластырып үлгеруі қажет. Бұл - көлігінің бағытына, жылдамдығына, басып озатын көліктің ұзындығына және қарсы бағыттағы көлік құралдарына бақылау жасау» - дейді Берік Бисенқұлов.

Жол полициясы осындай жағдайларда басып озатын көліктің жылдамдығы мен қарсы бағыттағы машинаның жылдамдығы қосылатындығын ескертеді: егер сіз сағатына 80 шақырыммен және қарсы бағыттағы көлік тура осы жылдамдықпен қозғалып келе жатса, сіздер бір-бірлеріңізге 160 шақырыммен жақындап келесіз деген сөз. Бұл көліктердің бір-біріне 44,4 м/с жақындап келетіндігін білдіреді. Яғни көліктер 200 метр қашықтықты 5 секундта жүріп өтеді.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-3 бабының, 3-тармағымен жолдың қарсы бағытына шығып кеткендігі үшін (егер де ол Жолда жүру ережесімен тыйым салынған болса) 15 АЕК (24 270 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылады. Егер аталмыш бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанатын болса  - көлікті басқару құқығынан 6 айға айыру көзделген.

Дегенмен, жыл басынан бері жолдың қарсы бағытына шығумен байланысты Жолда жүру ережесінің 23 мың бұзушылығы тіркелді.

Осыған байланысты, ІІМ-нің Жол полициясы комитеті жолдың қарсы бағытына шығу мен ЖЖЕ-нің басқа да өрескел бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту бойынша бастама көтеруді жоспарлауда.