Қазақстанда көлік жүргізуге өздігінен дайындалу құқығынан бас тарту ұсынылды

«Заң жобасында көрсетілген түзетулер жүргізушілердің өз бетінше және де жекелей дайындығынан бас тартуды көздейді»,-деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Мемлекеттік автомобиль инспекциясы басқармасының басшысы Мұрат Иманбаев заң жобасына түзетулерді талқылау жөніндегі жұмыс тобының отырысында.
ІІМ өкілі еске салып өткендей, 2016 жылдың сәуірінде емтихандар мен жүргізушілік куәліктерді беру ережелері бойынша ведомстволық бұйрыққа өзгертулер енгізілді. Осы орайда «АА1» және «ВВ1» санаттары бойынша, яғни жеңіл автокөліктер мен мотоцикл жүргізу құқығын алуға өз бетінше дайындалуға қатысты мүмкіндіктер ескерілген.
«Түзету тиісті ескертпемен қабылданды. Өз бетінше дайындалуға тек арнайы ХҚКО-ларда ғана жол беріледі. Бұл тұрғыда кез келген адами факторға жол бермейтіндей автоматтандырылған автодромдар болуы тиіс»,-деді Иманбаев.
Айта кетейік, мотоцикл мен жеңіл көлікті басқаруға арналған куәлікті алуға үміткер жүргізушілердің өз бетінше дайындалуы бойынша норма 2016 жылдың 7 шілдесінде күшіне енді.
Мәжіліс депутаты Қанат Мусиннің сөзінше, аталған жаңашылдық азаматтар тарапынан сыни көзқарасты тудырды.
«Жүргізушілікке үміткерлердің өз бетінше дайындалуы сапасы бүгінде шынымен де жоғары деңгейде емес. ІІМ дерегінше, өткен жылы бұл норманың күшіне енгенінен бастап 2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жекелей дайындалған 2800 жүргізушілікке үміткерлердің арасынан тек 20 пайызы ғана куәліктерін алуға қауқарлы болды. Ал жүргізушілік курстарын тәмамдағандар, яғни бұл тұрғыда жылына 500 мыңнан кем емес адамның арасында 50 пайыз жағдайда куәліктерін алады»,-деді депутат.
Осыған байланысты депутаттар «Жол жүрісі туралы» заңнаманың 74 бабы 1 тармағына өзгерту енгізіп, көлікті басқаруға куәлік алуға емтиханға өту үшін автомектептердегі оқуға қатысуды міндетті талап ретіндегі ұсынысты ескеріп отыр.