Қазақстанда көліктерге қосымша жанармай бактарын заңсыз орнатудың 595 дерегі анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жыл басынан бері автокөліктерге қосымша жанармай бактарын заңсыз орнатудың 595 дерегі тіркелді. Олардың жалпы сыйымдылығы 159,5 тоннаны құрады, деп хабарлады Polisia.kz.
Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ведомство құқық бұзушылықтардың алдын алу мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғауды полиция қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде атап өтті.
5 қазан мен 5 қараша аралығында республика бойынша «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Шара барысында полицейлер 576 мыңнан астам тұрғын үй мен өзге де нысанды тексерген. Әсіресе жалға берілетін пәтерлерге, саяжай үйлеріне, тұрмысы қолайсыз отбасыларға және профилактикалық есепте тұрған азаматтарға ерекше назар аударылған.
Нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзудың 42 мыңға жуық дерегінің жолы кесілді. 9 мыңға жуық шетелдік жауапкершілікке тартылып, полицияға тұрақты тұрғылықты жері жоқ 3,5 мыңнан астам адам жеткізілді.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері тұрғындармен 12 мыңнан астам кездесу өткізіп, профилактикалық мазмұндағы 398 мыңға жуық жадынама таратқан.
Азаматтардан 4,5 мыңнан астам ұсыныс пен өтініш келіп түскен. Олардың барлығы бойынша тиісті шаралар қабылданған.
Іс-шара аясында 100 мыңнан астам қару иесі де тексерілді. Нәтижесінде 1,5 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, тіркелмеген 195 қару тәркіленді.
Жетісу облысында полицейлер алкогольге әуестігі бар азаматқа емделуге және өмір салтын өзгертуге көмектескен. Қазір ол жұмыс істеп жүр. Ал анасы көрсетілген көмек үшін учаскелік полиция инспекторына алғыс білдірген.
Абай облысында ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаған отбасылар анықталды. Балалары бейімдеу орталығына орналастырылып, ата-аналарына қатысты тиісті шаралар қабылданды.
ІІМ жұмысының тағы бір маңызды бағыты – жанармайды ел аумағынан заңсыз әкету деректерінің жолын кесу.
Осы мақсатта мемлекеттік шекарадағы автокөлік өткізудің 48 пунктінің маңында тәулік бойы жұмыс істейтін полиция бекеттері қойылған.
Жыл басынан бері республика бойынша қосымша жанармай бактарын заңсыз орнатудың 595 дерегі анықталды. Олардың жалпы көлемі 159,5 тоннаны құрады.
Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі Жамбыл облысында тіркелген – 386 дерек. Түркістан облысында 119, ал Қостанай облысында 80 дерек анықталған.
Заң талаптарын бұзған жүргізушілер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 7-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды. Көліктерден заңсыз орнатылған қосымша бактар алынып тасталды.
Вандализм мен заңсыз граффитилерге қарсы күрес те ведомство жұмысының өзекті бағыттарының бірі болып отыр.
1 қыркүйектен бастап елімізде 26 мыңнан астам заңсыз жазу өшірілген. 8 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Вандализм және есірткі жарнамалайтын граффитилер үшін 7 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Профилактикалық жұмыстар аясында азаматтармен 43 мыңнан астам кездесу ұйымдастырылып, 59 мыңнан астам ақпараттық брошюра таратылған.
Ішкі істер министрлігі қоршаған ортаның ластануының алдын алуға бағытталған кешенді іс-шараларды да жүзеге асырып жатыр.
Жыл басынан бері республика бойынша 47 мыңнан астам рейд жүргізілген. Нәтижесінде 1724 заңсыз қоқыс орны анықталып, 351 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 1435 заңсыз қоқыс орны жойылды.
– Полиция қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастырады. Заң мен Тәртіпті сақтаңыздар! – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қосымша жанармай бактарын заңсыз орнатқан 537 көлік анықталғаны хабарланған болатын. Сол кезде заңсыз орнатылған бактардың жалпы сыйымдылығы 150 тоннадан асқаны айтылған.