Қазақстанда коллекторлардың дербес қылмыстық жауапкершілігі енгізілмек

Коллектор ұйымдар берешегі бар адамдарға елеулі қысым жасап жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

заң
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform.

«Коллекторлардың дербес, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігіне қатысты мәселе Парламентте талқыланады. Қазір коллекторлық ұйымдарға банктер өздерінің (проблемалы кредиттерді) несиелерін үлкен дисконтпен, яғни жеңілдікпен сатып жүргенін байқадық. Өз кезегінде коллекторлар қарыз алған адамдардан берешек қаражатты толығымен өндіріп алуға тырысады және адамдарға қарызын өтеуге тиісті мерзім бермейді. Мәселен, банктерде берешекті бөліп төлеу қарастырылған. Ал коллекторлар адамдарға елеулі қысым жасайды», - деді А. Аймағамбетов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Бұл тұрғыда ол коллекторлар қарызды қайтару кезінде кейде заң бұзу әрекеттеріне барып жатқаны туралы ақпарат депутаттарға келіп түсіп жатқанын айтты.

«Сондықтан коллекторлардың жұмысын реттеу, олардың жауапкершілігін күшейту өте маңызды деп санаймын. Банктерге өндіріп алмаған қарыздарын осы коллекторларға дисконтпен сатқызбау мәселесін назарға алу керек», - деді депутат.

Сонымен қатар А. Аймағамбетов қазір банктердің смартфондағы түрлі қосымшасын пайдаланып, азық-түлікті қарызға алып жатқан отбасылар бар екенін айтты.

«Жақында бір зейнеткердің оқиғасын естідім. Оның студент немересі қымбат смартфонды несиеге алған. Қазір сол қарызды зейнеткер әжесі төлеп жатыр. Жалпы, бұл салада шешуді қажет ететін мәселелер баршылық. Сонымен қатар, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында кешенді шаралар қабылдау керек. Кейбір отбасылар азық-түлігін қарызға алып жатыр», - деді депутат.

Айта кетейік, бүгінгі Мәжілістегі Парламент тыңдауында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Бас прокуратурамен бірлесіп коллекторлардың дербес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін енгізу жөнінде түзетулер әзірленгенін айтты. Бұл ұсыныстар Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.

Соңғы жаңалықтар