Қазақстанда кондиционер мен оны орнату бағасы қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Жаз айларында ауа баптағышқа сұраныс арта түседі. Kazinform агенттігінің тілшісі кондиционер мен оны орнату қызметінің бағасын білді.

а
Коллаж: Kazinform / ИИ

Бұрын кондиционер жайлы өмірдің көрінісі болса, бүгінде әр пәтер мен үйде, жұмыс орнында негізгі құралдың біріне айналды. Ыстық адамды әлсіретіп, жұмысқа деген қабілетін төмендетеді. Кейде жүрек-қан тамырлары ауруы бар адамдарға қауіпті. Ересек те, бала да үй ішінің тымырсық емес, қалыпты болғанын қалайды. Мұндайда ауа баптағыш кондиционердің көмегі көп.

Баға кондиционердің қуаты мен тауар өндіруші компанияның атауына, қосымша мүмкіндіктеріне байланыс өзгеріп отырады. Егер кондиционер қондыратын бөлменің ауданы үлкен болса, баға да соғұрлым жоғарылай береді. Ауданы 20-25 м², 25-50 м² және 70 м² деп өзгерсе, құны сатылап көтеріледі.

Көпке мәлім өндірушілер қуат үнемдейтін нұсқаларын ұсынады. Бағасы да өзгеге қарағанда жоғары болады.

Бағаға кондиционердің түрі де әсер етеді. Кең танылғаны әрі қолжетімдісі қабырғаға ілуге арналғаны. Сонымен бірге бөлме ішінде тұратын және бірнеше бөлмені қамтуға мүмкіндік беретін жүйемен жұмыс істейтін ауа баптағыштар бар. Кейбір кондиционердің бірнеше фунциясы (ауа тазарту, иондау, Wi-Fi арқылы басқару, жылыту) болса, бағасы жоғары деген сөз.

Ал қондыру бағасына бірнеше фактор әсер етеді. Олар: пәтердің қабаты, қабырғаның қалыңдығы және коммуникацияның қолжетімділігі. Егер альпинист немесе кран керек болса, баға көтеріледі.

Кондиционер сататын кәсіпкерлер бірнеше қосымша қызмет ұсынады. Мәселен Орал қаласында кондиционерді тазарту құны 5 000 теңгеден басталады. Ал 100 грамм фреон құю қызметі 2 000 теңге болса, жөндеу қызметі 10 000 – 15 000 теңге және одан жоғары.

Қостанай қаласында да техникалық қызмет көрсету бағасы дәл осындай. Фреон құйып берсе қызметі 3 000 теңгеден басталады. Ескі кондиционерді шешіп алу қызметі – 12 000 – 15 000 теңге. Жоғары қабатқа мініп, шешу қызметі бөлек төленеді. Көбіне кранды сағатына 12 000 теңгеге жалға алады.

кондиционер
Фото: Kazinform

Астана қаласында кондиционер орнату, оның ішінде қабырғаны бұрғылап тесу, ішкі және сыртқы монтаж, фреонға арналған түтік салу (ұзындығы 3-5 метр болады), оны бекіту бір қызмет түрі. Ал өзге қызметке бөлек төленеді.

Көкшетау қаласында кондиционер орнататын қабырға ыңғайлы орында болса, қызмет бағасы қалыпты. Ал егер коммуникация жүргізу кезінде қосымша шығын қажет болса, мәселен фреон жүретін жолақтың әр метріне қосымша 8 000 теңге төлеуге тура келеді. Оған екі мыс құбыр, жылу оқшаулау материалы, конденсат ағатын түтік, кабель мен орама қажет болады. Қабырғаны ойып, коммуникация жүргізу қызметі де ақылы. Көкшетауда бұл қызметтің түрі 30 000 теңге және одан жоғары. Бағаға материал сапасы мен қабырғаның неден қаланғаны әсер етеді. Автосаты қызметінің құны 10 000 теңге және одан жоғары. Жуу және техникалық қызмет бағасы 25 000 теңге, фреон құю құны 15 000 теңге және одан жоғары.

Көкшетаулық қызмет көрсетушілердің айтуынша, кондиционерді 70 000 – 2 000 000 теңгеге сатып алып, орнатуға болады. Бір ескеретін жайт бар. Мұнда құны 70 000 – 80 000 теңге болатын кондиционерді тек акция және жеңілдік кезінде сатып алуға болады. Бағасына сай қуаты да төмен. Ал негізі кондиционер бағасы 90 000 теңге және одан жоғары. Премиум сападағы ауа баптағыш құны 2 000 000 теңгеге жетті. Бұл кондиционердің қуаттылығы жоғары, әлемдік брендтер ұсынатын тауар бөлменің, ғимараттың сәнін келтіріп тұрады.

Кондиционер бағасына келер болсақ, ең арзаны Талдықорған, Шымкент, Көкшетау, Түркістан мен Алматы қалаларында сатылады. Бағасы 80 000 теңгеден басталады. Қызылорда қаласында ауа баптағыштың бағасы 85 000 теңге және одан жоғары. Ал Атырау, Астана, Павлодар, Қостанай, Орал, Петропавл, Тараз, Қарағанды мен Ақтөбеде баға орташа. Мұнда ең арзанын 89 000 – 90 000 теңгеге сатып алуға болады. Өскемен, Ақтау, Жезқаған мен Семейде ең арзаны – 100 000 – 120 000 теңге.

Кондиционер қондыру бағасы Тараз (13 000 теңгеден басталады), Талдықорған, Алматы мен Ақтауда (15 000 теңгеден басталады) арзан. Ал Түркістан, Орал, Шымкент, Атырауда баға 20 000 теңге болса, Семей, Павлодар, Қызылорда, Петропавл мен Астанада 24 000 – 25 000 теңге. Көкшетау, Жезқазған мен Қостанай қалаларында кем дегенде 35 000 теңге төлейді. Ал ең қымбат қызмет түрі Қарағанды, Өскемен (40 000 теңгеден басталады) мен Ақтөбеде (45 000 теңгеден басталады) тіркелді.

Бұған дейін Қазақстанда саябақтағы аттракционда көңіл көтеру бағасы туралы жазылды.