Қазақстанда корей киносының фестивалі басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы «Керуен» сауда ойын-сауық орталығында корей киносының жыл сайынғы фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
None
None

Сауда орталығының үшінші ғимаратында болған шара барысында қонақтар корейлердің «Пибимпаб» тағамының дәмін татты. Бұл тағам адам денсаулығына пайдасы өте зор ас мәзірі саналады. Оны дайындауға күріш, көкөніс, түрлі аскөк, теңіз балдыры, ет, жұмыртқа пайдаланылады.

Бұл шараға орай Кореядан Корей аспаздық қауымдастығының өкілдері арнайы келіп, олар көрермендердің көз алдында пибимпабаны әзірледі. Содан кейін келушілер одан дәм татты.

Ағымдағы жылы корей киносы фестивалі Астана, Қарағанды, Қостанай және Шымкент қалаларында өтеді. Кино фестивальде корейлік кинематографияның 4 туындысы көрсетіледі. Көрермендер «Оушеннің 12 досы» атты американдық фильм негізінде түсірілген «Ұрылар» киносын тамашалай алады. Фильм санұлт өкілдерінің құрылған кәсіби ұрылардың Макаода тарихи тонауға бел буғандығы жайында сыр шертеді.

Ал «Қанішердің мойындауы» триллері 15 жыл бұрынғы бірнеше адам өліміне қатысты қылмысты полиция қызметкерлерінің қайта тергеуі жайында. Тергеуге олар аталған қылмыстардың қалай жасалғандығы туралы жазған кітап шыққаннан кейін барады.

Сонымен қатар фестиваль аясында «Дуресори: Шығыс дауысы» атты музыкалық драма да көрсетіледі. Төртінші фильм - «Барлығы да менің әйелім жайында» деп аталатын романтикалық комедия. Туындыда әйелімен ажыраспақ болған азаматтың өзі әйелін кінәлі қылып шығу үшін оған көңілдес жалдайтындығы жайында айтылады.

Фильмдердің алғашқы көрсетілімі қазанның 10-11 күндері елордадағы «Kinopark 7» («Керуен») кинотеатрында өтеді. Ал 16-17 қазан күндері Қарағандыда «Kinoplexx 3D (К)» («City Mall») кинотеатрында болады. Қазанның 31-і мен қарашаның 1-інде қостанайлықтар «Қазақстан 3D» кинотеатрынан корей туындыларын тамашалай алады. Фестиваль 7-8 қараша күндері Шымкенттегі «Kinopark 5» («MEGA-Shymkent») кинотеатрында аяқталады.

Соңғы жаңалықтар