Қазақстанда коронавирусқа қатысты қанша жағдай тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

коронавирус
Фото: Гүлмира Әбдрахманова

Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті іштегі сырқаттанушылық пен әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға апта сайын мониторинг жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

– Жыл басынан бері COVID-19-дың 859 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 2 есеге төмендеген, өлім жағдайы тіркелген жоқ. Ауру жеңіл түрде өтіп, пациенттер негізінен амбулаториялық жағдайда ем қабылдап жатыр, - делінген хабарламада.

Қазақстанда вирустың айналымы мен оның әртүрлі нұсқаларына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі.

SARS-CoV-2 нұсқаларының айналымына соңғы мониторинг деректері бойынша республикада Омикрон қосалқы нұсқаларының айналымы белгіленді: XFG.3 – 83,3%, XFG.3.3.1 – 5,6%, XFG.3.4.3 – 5,6%, XFG.2 – 5,6%.

ДДҰ-ның ресми жарияланымдарына сәйкес, XFG желісінің айналымы өзге айналымдағы Омикрон ұрпақтарымен салыстырғанда халықтың денсаулығына қосымша қауіп төндірмейді.

Айта кетейік, ДДСҰ пандемия жағдайларында әрекет ету туралы келісімді мақұлдады.

Оның мақсаты — пандемиялардың алдын алу және болашақта туындайтын осындай дағдарыстарға тиімдірек әрекет ету үшін елдер, халықаралық ұйымдар (соның ішінде ДДСҰ), азаматтық қоғам, жекеменшік сектор мен басқа да мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды күшейту.

Соңғы жаңалықтар