Қазақстанда қой шаруашылығын қалай дамытуға болады

ОРАЛ. KAZINFORM – Қазақстанда қой шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері Оралда өткізілген «AUYL FEST. Қой шаруашылығы – 2025» тұңғыш халықаралық форумында кеңінен талқыланды. 

қой шаруашылығы
Фото: «Бірлік мал зауыты» ЖШС

«Ауыл» партиясының басшысы, Мәжілістегі Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет төрағасы Серік Егізбаевтың мәлім еткеніндей, Еділбай қойының отаны болғандықтан форум өткізу үшін Батыс Қазақстан облысы таңдалып алынған. 

Оның айтуынша, қой шаруашылығы қазақ халқының ежелден келе жатқан атакәсібі екені мәлім. 

Деректерге қарағанда, 1913 жылы қазақ даласында 19,6 млн уақ мал болса, 1936 жылы бұл көрсеткіш 4,3 миллионға дейін кеміген. Ал өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары 35 миллионнан асты. Тіпті кеңес дәуірінде Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу міндеті қойылғаны белгілі.

Серік Егізбаев
Фото: Ғайсағали Сейтақ

– Кеңес одағы тарағаннан кейін қой шаруашылығы құлдырап кетті. Оған қоса тың игеру кезінде миллиондаған жерлер жыртылды. Кейін бұл жерлер эрозияға ұшырап, жайылымға да, егіске де жарамай қалды. Мәжіліс депутаты ретінде елді аралаған кезде қарапайым халық малдың жүні мен терісі далада жатқаны жөнінде қынжыла айтады. Қой етін өз бағасына өткізу қиын немесе делдалдар алып кетеді. Оның үстіне мал тұқымын асылдандырумен көп ешкім айналыспайды. Міне, осындай көкейтесті мәселелерді талқылап, форум қорытындысына сәйкес Үкіметтің алдына қоятын боламыз, - деді С.Егізбаев.

Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов фестивальде тек қой шаруашылығы ғана емес, ауылдың дамуына, өркендеуіне қатысты мәселелердің көтеріліп отырғанын атап өтті. 

– Ауылда тұратын адамдарға жұмыс орны керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің, жалпы ауылдың өскені қажет. Президент бастамасымен «Ауыл аманаты»» жобасы аясында үш жыл ішінде көптеген жұмыс атқарылды. Қой шаруашылығын дамыту бағытында қолға алынып отырған жобалардың жүзеге асырылғаны маңызды. Осы орайда қойдың санын төмендетпей, оның жүні мен терісіне дейін пайдаға асыру жолдарын іздестіру керек. Сол секілді Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылында кооператив құру тәжірибесін жалпы Қазақстанға таратуға болады, - деді Е.Тоғжанов. 

Оралда «AUYL FEST. Қой шаруашылығы – 2025» халықаралық форумы басталды
Фото: БҚО әкімдігі

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин келтірген мәліметке қарағанда, республикада күні бүгін 21,1 млн бас қой болса, соның 3,1 миллионы асыл тұқымды болып есептеледі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 132,7 мың тонна қой еті өндірілген. 18 мың тонна ет экспортталса, соның 13 892,5 тоннасы – Өзбекстан, 1 241,3 тоннасы – БАӘ, 1 161 тоннасы – Иран, 494,5 тоннасы – Қатар, 410,9 тоннасы – Кувейт, 163,3 тоннасы – Сауд Арабиясы, 112,1 тоннасы – Ресей, 51 тоннасы – Тәжістан, 22,2 тоннасы – Қырғызстан, 16,6 тоннасы – Сирия, 1,7 тоннасы Иорданияға жөнелтілген. 

– Биылғы жеті айда 14 500 тонна ет экспортталды, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден 2,3 есеге көп. Мал шаруашылығын субсидиялау аясында қой шаруашылығын дамытуға жыл сайын 15 млрд теңге бөлінеді. Атап айтқанда, алты бағыт бойынша субсидиялау қарастырылған. Сондай-ақ қой өнімдерін қайта өңдеу бағытында бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда, - деді вице-министр. 

Франциядан келген ауыл шаруашылығы саласындағы Франция-Қазақстан ынтымақтастығы бойынша халықаралық техникалық сарапшы Венсан Берже өз елінде қой шаруашылығының қаншалықты дамығанын айта келіп, өзара тиімді байланыстың маңыздылығына тоқталды. 

– Қазақстанның қой шаруашылығын дамытудағы әлеуеті жоғары. Қой етін Қытай мен Таяу Шығыс елдеріне өткізе алады. Еділбай қойын алсақ, өте тартымды, төзімді түлік. Біз Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істеп, қарым-қатынасымызды нығайта түсуге дайынбыз, - деді В.Берже. 

Берже
Фото: Ғайсағали Сейтақ

Сонымен қатар Мажарстан елшісінің сауда кеңесшісі Тибор Ковач, Ресейдің Волгоград облысынан келген «Волгоград Еділбай» ЖШҚ директоры Ерагый Гишларкаев өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. 

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы «Бірлік мал зауыты» ЖШС директоры Қанат Ешімов Еділбай қойының шығу тарихы мен табыс-жетістіктеріне тоқталды.

– «Бірлік» мал зауытынан асыл тұқымды мал сатып алып, елімізге қоса Ресейдің Волгоград облысында іргелі шаруашылыққа айналғандар баршылық. Қазіргі таңда шаруашылықта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Атап айтқанда, аналық саулықты 10 мың басқа жеткізу, мал бордақылау алаңына қоса ет комбинатын салу, суармалы жерге екпе шөп егу ойластырылуда. Шет елге де өз өнімімізді көптеп шығарғымыз келеді, - деді Қ.Ешімов. 

Алматы қаласынан келген ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ет-май бағытындағы қой шаруашылығы бойынша республикалық палатаның басшысы Наржан Жұмаділлаев ет-май бағытындағы «Байсары» қойының жаңа тұқымы шығарылғаны, оны Қазақстан өңірлерінде өсіруге болатындығы жөнінде әңгімелеп берді. Бұл қойдың салмағы 213 келіге жетіп, Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енгізілген. 

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы «Нұралы шаруа қожалығы» фермер қожалығының жоба жетекшісі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Кәмшат Төлеуова қой шаруашылығында тауарлық несиелеу жолын тілге тиек етті. 

– 2019 жылы 4 мың бас қойды жайылым-шабындығы, техникасы бар қожалықтарға таратып бердім. Бір жылдан кейін 4 мың бастың төлінің тең жартысын кері алып отырамын. Малды ауыстырып жібермес үшін чиптеу жұмысын жүргіздім. Қолдан ұрықтандыру жұмысын өзіміз атқарамыз. Сосын айына бір рет ветеринар маман тексеріп тұрады. Оның қорытындысы болмаса, малды қабылдамаймыз. Қазіргі уақытта көрсеткіштеріміз жақсы, мал бордақылау алаңына қоса ет комбинатын тұрғызмақшымыз, сөйтіп шаруашылықты кеңейте түспекшіміз, - деп қосты К.Төлеуова. 

Солтүстік Қазақстан облысы «СК Протеин» ЖШС бас директоры Асылбек Айкенов ірі қара мал мен жылқы терілерінен жоғары протеинді жемдік қоспалар өндіру жобасын іске қосу тәжірибесін ортаға салды. 

– М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен және «Ғылым қоры» АҚ-мен ынтымақтастық аясында 350 млн теңге көлемінде грант ұтып алып, аталмыш жобаны үш жыл ішінде жүзеге асырдық. Әдетте теріге былғары бұйым ретінде қараймыз. Ал біз одан жұғымдылығы жоғары жемдік қоспалар өндіріп отырмыз. Осындай қоспаның арқасында малдың қосымша салмақ өсімі төрт айдың орнына 1,5 айға дейін қысқарды. Сол секілді қой жүнінен аминқышқылды қоспа өндіру де, түптеп келгенде, еттің сапасы мен дәмділігін арттырады, - деді А.Айкенов. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «AUYL FEST. Қой шаруашылығы – 2025» халықаралық форумы басталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар