Қазақстанда көзді тексеру және көзілдірікке тапсырыс беру бағасы қанша

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан қалаларында көру қабілетін тексеру бағасы қолжетімді. Алайда көзілдірік бағасы туралы бұлай айта алмаймыз. Бір жақсысы көптеген оптика дүкені көзілдірік сатып алған жағдайда көру қабілетін тегін тексеруді ұсынады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

көз дәрігері
Коллаж: Kazinform/ Nano banana

Баға қалай қалыптасады

Көру қабілетін тексеру қызметінің бағасы зерттеудің түрі мен оның күрделілігіне қарай есептеледі. Әдетте мұндай қызметтің бағасы аса қымбат емес. Ал жекеменшік клиникалар болса заманауи құрал-жабдықтармен тексеру қызметін ұсынады. Бұл сапаға әсер етеді.

Кейбір «Оптика үйі» көзілдірік сатып алсаңыз тегін тексеру қызметін ұсынады.

Көзілдіріктің бағасы оның бренді мен шығарылған еліне де байланысты. Әдетте көзілдірік жиектемесі мен линзалардың бағасы бөлек есептеледі. Жиектеме бағасы 70, 100, тіпті 150 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Кейбір линзаның бағасы да осы қарайлас болады. Нәтижесінде көзілдірік жиынтығы айтарлықтай қымбатқа түсуі мүмкін. Дегенмен адамдар қалтасына қарай тиімді бағада да сатып ала алады.

Сонымен қатар көптеген дүкен кешенді қызмет топтамасын ұсынады. Шамамен 10 мың теңгеге көздің көру қабілетін тексеріп, көзілдірік сатып алуға болады.

Көру қабілетін тексеру бағасы

Көру қабілетін тексеру бағасы Түркістан қаласында арзан. Мұнда қызмет құны 1 000 теңгеден басталады. Одан кейін Астана қаласы тұр. Мұндағы баға 1 500 теңгеден басталады. Ақтөбе мен Петропавл қалаларында тексеру бағасы 2 000 және 2 200 теңгеден басталады.

Өскемен, Қарағанды, Жезқазған және Талдықорған қалаларында баға 3 000 теңге және одан жоғары. Айта кету керек, тексеру қызметі көп уақыт алмайды, алайда алдын ала жазылу қажет.

Шымкент, Семей және Көкшетау қалаларында баға сәл жоғары. Көру қабілетін тексеру 4 000 теңгеден басталады. Павлодар, Қостанай, Орал және Ақтау қалаларында қызмет құны 5 000 теңгеден басталып тұр. Кейбір қалаларда мұндай қызметтің түрі көп, ал кейбірінде керісінше шектеулі.

Атырау, Алматы және Тараз қалаларында қызмет бағасы 6 000 теңгеден басталады. Бұл өңірлердің бағасы екінші орында тұр. Ал бірінші орын Қызылорда қаласына тиесілі. Мұнда бағалар 10 000 теңгеден басталады.

баға
Фото: Kazinform

Көзілдірік бағасы

Көзілдірік бағасы Шымкент пен Қызылорда қалаларында төмен. Мұнда көзілдірікті жиектемесі және линзаларымен бірге 7 000 теңгеден сатып алуға болады. Одан кейін Қостанай мен Өскемен қалалары орналасқан. Бұл қалаларда баға 8 000 теңгеден басталады. Ақтөбе мен Орал қалаларында 9 000 теңгеден, ал Петропавл мен Астана қалаларында 10 000 теңгеден басталады. Ақтау мен Атырауда да шамамен осындай баға.

Түркістан мен Талдықорғанда көзілдіріктің ең төмен бағасы 11 000 теңгеден басталады. Павлодарда 12 000 теңгеден, Тараз бен Алматыда 13 000 теңгеден сатылады.

Көкшетауда көзілдірікті 14 000 теңгеден де сатып алуға болады. Ал ең қымбат қалалар — Семей, Жезқазған және Қарағанды. Бұл қалаларда көзілдіріктің бағасы 15 000 теңгеден басталады.

Бұған дейін біз өңірлердегі балаларға арналған спорт секцияларының бағасын салыстырған болатынбыз. 

Сондай-ақ ауызашардың қанша тұратыны  және Қазақстанда аккумуляторды қай жерден арзанына сатып алуға болатыны туралы да жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум