Қазақстанда кредиті барлар саны алдағы уақытта жұмыс істейтіндерден асып түседі
Кейінгі жылдарда енгізіліп жатқан түрлі шектеулерге қарамастан отандастарымыздың тұтынушылық мақсатта алған несие портфелі өсіп жатыр. Қазақстанда еңбекке қабілетті 9,7 миллионға жуық адам бар десек, несиесі барлардың көрсеткіші осыған сәл жетпей тұр. Дегенмен алдағы 2-3 жыл көлемінде асып түсуі мүмкін, өйткені қаржы сарапшылары елдегі Z ұрпақтың да несие алуға бейім екенін болжауда.

Әр қазақстандық банк алдында орта есеппен қанша қарыз, ең үлкен несиенің мөлшері қандай? Kazinform тілшісі тақырыпқа қатысты ерекше тезистерді шолып шықты.
Несие алушылар 1 жылда 400 мың адамға артқан
Алдымен қазақстандықтардың несие портфелі жыл санап артып жатқанын айта кеткен жөн. Бірінші кредиттік бюроның есебінше, 2024 жылдың 1 қазанында жеке тұлғалардың кредиттік ұйымдар алдындағы жалпы берешегі 22,7 трлн теңгеге жетті, бұның бәрі – 8,9 млн қазақстандықтың борышы.

Ал тура бір жыл бұрынғымен салыстырғанда несие портфелі қаншалықты өскенін жоғарыдағы кестеден байқай аламыз.
22,7 трлн теңгені құрайтын жалпы несиелердің 49,1 пайызы кепілсіз тұтынушылық кредиттерге тиесілі. Яғни, мақсатты қарыздарға қарағанда қажеттілік үшін алынғанының үлесі тым көп. Ал 27,8 пайызы ипотекалар еншісінде, автокредиттер 14,1 пайызды құраған. Бұдан кейінгі орындарда кепілмен алынған тұтынушылық несие (4 пайыз) мен басқа да мақсатта алынған қарыздар (5 пайыз) тұр.

Жалпы, несиесі бар әр қазақстандықтың кепілсіз тұтынушылық кредиттерін жан басына шағар болсақ, берешектің орташа мөлшері 1,37 млн теңгеден келеді. Ал ипотекалар бойынша әр азамат мойнына 10,9 млн теңге, автокредиттер бойынша 6,2 млн теңгені жүктеген.
Осы тұста түртіп алар тағы бір деректерді айта кетейік, қарыз алушылардың жартысында, яғни, шамамен 4,45 млн адамның берешегі 641 мың теңгеге жетпейді. Барлық несие портфелінің бар болғаны 9 пайызын құрайды. Бұл ретте 900 мыңға жуық адамды құраған ерекше топ бар, әрқайсысының қарызы 3,6 млн теңгеден асады. Осы топ барлық портфельдің 46 пайызын толтырып отыр. Бір қызығы, елде ең көп несие алған бір адамның борышы 15,5 млрд теңгеге жеткен екен.
Жалғыз өзі 116 кредит алған адам бар
Биыл көктемде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы саласындағы демографиялық ахуалға шолу жасап, талдау қорытындысын жария етті. Міне, осы құжатта қарыз алушы қазақстандықтарға байланысты түрлі деректерді ұшыратуға болады.
Қарыз алып, қайтара алмай қалған жеке тұлғалардың 52 пайызы – ер адамдар екен. Бұл ретте ер адамдар 5 жыл ішінде дефолтқа түскен қарыздардың 59 пайыз үлесін алған. Яғни, ерлерге қарағанда әйелдер несиені мезгілінде төлеуге тырысатыны байқалған.
Тиісінше, әйелдерге қарағанда ерлердің кредиттері көбірек кешірілген. Қаржылық реттеу агенттігінің мәліметінше, есептен шығару статистикасында заемдардың саны бойынша да (52%), кешірілген берешектің сомасы бойынша да (59%) еркектер басым түсіпті. Кешірілген несиелердің орта мөлшері ерлерде – 545,5 мың теңге, әйелдерде – 438,3 мың теңге.
Осыған қарамастан, банктер сомасы 15 миллион теңгеден асатын ірі кредиттерді ерлерге көбірек береді. 2 миллионға дейінгі ұсақ қарыздарда ғана әйелдердің үлесі басым.

Қазақстанда жеке қарыз алушылардың көпшілігін «миллениалдар» деп аталатын 1982-2000 жылдар аралығында туған адамдар құрапты. Бір жақсысы, ғасырлар тоғысында туып-өскен бұл ұрпақ өздерін жауапты тұлға ретінде көрсете алыпты. Соның арқасында миллениалдардың жалпы кредиттік тарихы, несиелерінің сапасы басқа ұрпақтарға қарағанда жақсырақ.
Ал кепілі бар қарыздар бойынша дефолттар мен банкроттыққа көбінесе 1963-1981 жылдар аралығында дүниеге келген Х ұрпағының өкілдері жол береді.
1943-1962 жылдар аралығында, соғыстан кейінгі кезеңде өмір есігін ашқан ұрпақ арасында көбіне-көп әйелдер кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша дефолттарға тап болған.
Айтпақшы, жаңа ғасыр басында, 2001-2005 жылдары жарық дүниеге келген Z ұрпақ арасында кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша дефолтқа душар болудың алғашқы деректері тіркеліп жатыр. Әлеуметтанушылар көбіне бұл буындағыларды «жылтыраққа құмар» ретінде бағалап жатады. Демек, алдағы уақытта Z ұрпақтың әсерінен елдің несие портфелі арта беруі мүмкін.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі елімізде ең көп кредит алған рекордсмендерді де жариялаған. Орта есеппен Қазақстанда ерлер мен әйелдер 2 қарыздан алады. 2023 жылы бір ғана ер адамның алған қарыздарының саны 69 несиені құрапты. 2022 жылы бір азамат 79 несие рәсімдеген. Ал әйелдер арасында ең көп қарыз алған адам өзгеріссіз – бір өзі 116 несиеге ие.
Ерлер де, әйелдер де көп жағдайда 1 банктен ғана кредит алуды жөн көреді, 64 пайызы тек бір банктің алдында қарыз. Екі банкте кредиті барлар үлесі – 26%. 3 банкке берешек болып қалғандар үлесі – 8%.
Жасырын схеманың жолы кесілді
Негізі кредит мәселесіне келгенде банктердің өзін қапы қалдыратын түрлі схемалар бары айтылады. Соның бірін сөз етер болсақ, бір азамат ипотекаға үй рәсімдегісі келеді, алайда қолында жинаған бастапқы жарнасы жоқ. Өзінің несие тарихы жақсы екенін білген ол бір күнде бірнеше банктен кредит алып, бастапқы жарнасы бар азамат ретінде ипотека да рәсімдеп үлгереді. Бұндағы шикілік не десеңіз, кезек-кезегімен несие берген қаржылық ұйымдар оның басқа да банктерден дәл сол күні қарыз алып жатқанын біліп үлгермейді.
Себебі Бірінші кредиттік бюро уақытында деректерді жаңартып үлгере алмайтын. Дегенмен осы олқылық жыл басынан бастап түзелді, егер бір азамат кредит рәсімдеп жатса, сол сәтте басқа банктер де арнаулы жүйе арқылы хабардар болып отырады.
Бір жағынан екінші деңгейлі банктердің азаматтарға есепсіз несие беріп келгенінің де кері әсері болғандай. Өйткені бұған дейін банкроттыққа өтініш берген әр қазақстандықтың басында орта есеппен 5 несие болғаны жария етілген. Демек, банктер азаматтардың төлем қабілеті мен қаржылық жағдайын толыққанды ескермей келген сыңайлы.
Биыл еліміз кредит беру кезінде тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқығын қорғау жөнінде заң қабылдады. Ол бойынша енді қазақстандықтар жұбайының рұқсатынсыз 1000 АЕК-тен (шамамен 3,7 млн-ға жуық теңге) жоғары сомада несие рәсімдей алмайды.
Дегенмен жыл басында TALAP қолданбалы зерттеулер орталығы зерттеу жүргізіп, талқыланып жатқан реттеу шараларына қарамастан проблемалық несиелердің одан әрі өсу қаупі бола беретінін жария еткен.
– Негізгі фактор – тәуекелдерді нашар бағалау, борыштық жүктеме коэффициентінің талаптарын сақтамау. Халықтың қаржы сауаттылығы бойынша мәселенің бар екені белгілі. Бірақ қаржы ұйымдары әлеуетті қарыз алушылардың да төлем қабілетін тиісті түрде бағалауға тиіс. Қазір төлем қабілетін бағалау 12 кіріс критерийі бойынша жүргізіледі. Олардың қатарында карта бойынша шығындар, коммуналдық қызмет, интернет-дүкенде сауда жасау, мүліктің болуы, депозиттегі ақша қалдықтарының мөлшері ескеріледі. Дегенмен бұл белгілер тұрақты кірістің барын әрдайым ашып көрсетпейді. Салдарынан тұрақты табысы жоқ азаматтарға қарыз беру тәжірибесі таралған, – делінген зерттеуде.
Сарапшылар пайыздық мөлшерлемелер жоғары болғандықтан, табысы төмен адамдар үшін несиенің 1 млн теңгеге дейінгі сомасының өзі де проблемаға айналғанын жеткізген. Олар бір қарыз алушыға берілетін кепілсіз тұтынушылық қарыздың сомасы мен санын, сыйақы мөлшерлемесін шектеу керегін алға тартыпты.
Банктер бизнесті қаржыландыруға бет алғаны жөн
Жалпы, елдің тұтынушылық несиеге жаппай бет бұруын сарапшылар жақсы үрдіске баламайды. Мысалы, экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, несие беру талаптары қатаңдатыла бергені жөн. Сонда ғана екінің бірі негізсіз әрі мақсатсыз несие алу мүмкіндігінен айырылады.

– Еңбекке жарамды халықтың 85-90 пайызының басында несие бар, дені бизнеске не қандай да бір өндіріс ошақтарын ашуға емес, тұтынушылық несиеге қарай бағытталған. Көбіне жұртшылық несиені қаржы сауаттылығының, басқа да білімнің жетіспеушілігіне байланысты көз жұмып ала беретіні жасырын емес. Негізі банктер бұрынғыдай тұтынушылық несиеге емес, керісінше корпоративтік, яғни, заңды тұлғаларды, бизнесті несиелендіруге қарай бағыт алғаны жөн. Әйтпесе қазір екінші деңгейлі банктердің көбінің несиелік портфелі тұтынушылық бағытқа қарай лайықталғанын көріп отырмыз, – дейді сарапшы.
Сондай-ақ ол қазіргі несие нарығындағы ахуал сыртқы жәні ішкі факторларға тікелей байланысты екенін жеткізді. Сыртқы факторлардың бірі – көптеген екінші деңгейлі банктің, микроқаржы ұйымдарының пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары. Өйткені біздегі қайта қаржыландыру ставкасының жоғары болуының өзі банктер беретін несиенің қымбат болуына әкеліп отыр. Сол үшін экономикалық факторлар кері әсерін тигізеді. Мемлекет экономиканы арзан несиемен қамтамасыз етудің жолын қарастырғаны жөн. Ол үшін қайта қаржыландыру ставкасы төмендеуі қажет.