Қазақстанда криптовалютадан көп ақша табуға бола ма

криптовалюта
Коллаж: Midjourney

Криптовалюта бүгінде Қазақстанда да қаржы ретінде белсенді қолданылады. Бірақ мұндай құралақшаны оңай жымқыруға, кірісті жасыруға және салықтан жалтаруға да мүмкіндік береді. Қазақстанда крипто биржаларды қалай және кім реттейді? Біз Орталық Азияда криптохаб бола аламыз ба? Толығырақ Kazinform материалынан оқыңыз.

Крипто қылмыстар қалай жасалады?

Танымал криптовалюталардың бірі – биткоин (Bitcoin). Интернетте көптеген блокчейн платформалары бар, олардың көмегімен сіз өзіңіздің криптовалютаңызды жасай аласыз және оны кез келген атпен атай аласыз, бірақ бұл қызмет Қазақстанда заңсыз саналады. Біздің ел аумағындағы ақшалай операциялар тек теңгемен жүргізілуі тиіс.

Криптовалюталарды төлем құралы ретінде пайдалану қазақстандық заңнамаға қайшы келеді. Қазақстанда заңды төлем құралы – теңге, ал оның эмитенті – мемлекет. Сондықтан ақшалай міндеттемелер тек ұлттық валютада көрсетіледі. Тиісінше, қолданыстағы заңнама контекстіндегі криптовалютаны ресми ақша ретінде қарауға және пайдалануға болмайды, – деп түсіндірді ҚР Ішкі істер министрлігіндегілер.

Бүгінде әртүрлі формада крипто алаяқтық белең алып келеді. Мәселен, «Жалған сыйлықтар» деген тәсіл бар, онда алаяқтар әйгілі адамдардың атын бүркеніп, инвесторларды криптовалютаның орнына өз шоттарына Фиат ақшаларын (заңды төлем құралы болатын ресми валюталар: теңге, доллар, еуро, рубль, юань және т.б.) аударуға шақырады. Бірақ инвестиция алғаннан кейін олар орнына ештеңе жібермейді. Алаяқтықтың бұл түрі үшбұрыш деп аталады.

Интернетте жұмыс істейтін жалған криптовалюталар да кең таралған. Алаяқтар болашақ инвесторларға күніне 10% кіріс пен күнделікті жоғары табыс болады деп уәде ете отырып, бастапқы жарна төлетеді. Ал салымшылар ақшасын қайтарып алуға және криптовалюта биржасынан қаражат шығаруға тырысқан кезде, алаяқтар олардың шоттарын бірден бұғаттап, барлық ақшаны иемденіп алады.

Сонымен қатар, пайдаланушылардың жеке деректерін иемдену мақсатында алаяқтар криптовалюта интерфейсін көшіретін фишингтік сайттарды жиі жасайды. Не болмаса әртүрлі сылтаумен олар инвесторларды қосымшаны жүктеуге мәжбүр етеді. Оны ашқан кезде вирус қосылып, алаяқтар инвестордың «қалтасын сыпырып алады».

криптовалюта
Фото: Midjourney

 

Қазақстанда тіркелген алаяқтық жағдайлар

2021 жылы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңсыз қызметпен айналысқан «Finiko» компаниясын анықтады. Алаяқтар қазақстандықтарға «Syfron Sapital OÜ» платформасында криптовалюталар мен басқа да инвестициялық құралдарды сатып алуды ұсынды. Бұл – жылжымайтын мүлік, автомобиль сатып алуға, міндеттемелерді өтеуге және инвестициялауға байланысты жағдайларды имитациялайтын ойын алаңы. ҚР ІІМ мәліметтеріне сүйенсек, СYFRON (CFR) – ресми валюта емес және қаржы құндылығы жоқ заңсыз криптовалюта. Кейін пайдаланушылар ақшаны нақты инвестициялық компанияға емес, «ауаға» салғаны белгілі болды.

«Finiko» компаниясы осы ойын платформасын пайдаланған кезде күніне 1-1,2% мөлшерлеме бойынша табыс төлеуге уәде берді. Мұндай жоғары деңгейдегі жылдық табыс теңгелей депозиттің орташа нарықтық мөлшерлемесінен 43 есе артық болатын.

Сондай-ақ, «Finiko» жалған кешбэк-карталар есебінен жоғары кіріс келіп тұрады деп уәде етті, ол арқылы «кез келген сатып алудан 25% дейін ақша қайтарылады, қызмет көрсету тегін болады, ай сайын шотта қалған қалдық ақшаға 6% сыйақы беріледі» деп жұртты қызықтырды. Бұдан басқа, осы карта шеңберінде 5 адамға дейін тартқаны үшін 1-ден 10%-ға дейін жоғары кешбэк ұсынатын бағдарлама жұмыс істеді, – деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Компания банктерде арнайы есеп айырысу шоттарын пайдаланбаған. Алаяқтық операцияларды жүргізу үшін тек қолма-қол ақша немесе QIWI-әмиян, Яндекс-ақша, Easy Pay, PayPal және басқа интернет-төлемдер мен аударымдардың түрлі жүйесін пайдаланды. Осылайша, қатысушылар өздерінің инвестициясы нақты қайда кетіп жатқанын бақылай алмады. Айта кетейік, «Finiko» ресми түрде бүкіл әлемде қаржы пирамидасы деп танылды.

Бұл – Қазақстандағы крипто қылмыстардың біреуі ғана. Мұндай жағдай аз емес. Қаңтарда Астанада айналымы 15 млрд теңге болатын заңсыз криптоайналымды ұйымдастырушылар анықталды. Алаяқтар криптовалютаны қолма-қол ақшаға заңсыз айырбастап, үлкен табыс тапқан. Мемлекет криптовалюта әмиянының балансындағы 22 894,5 USDT көлеміндегі қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді, 328 мың доллар және 7 млн теңгеге жуық ақшаны тәркіледі.

Крипто биржаларды реттеу және қадағалау мәселелері

Цифрлық активтер саласындағы сарапшылардың сөзінше, Қазақстанда криптовалюта гибрид тәртіппен реттеледі. 2022 жылғы 30 желтоқсандағы «ҚР кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» негізгі заңға өзгерістер енгізілді. Түзетулерге сәйкес, криптоиндустрия мәселелері (есептілік, биржалардың банктермен өзара іс-қимыл тәртібі мен тетіктері) ҚР Ұлттық банкі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісім бойынша АХҚО актілері негізінде бірлесіп реттеледі.

Цифрлық активтер туралы заңға және «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы конституциялық заңға сәйкес, криптовалюта саудасы АХҚО беретін лицензия арқылы реттеледі. Бұл биржаларға қойылатын талаптар мен оларды АХҚО-да лицензиялау тәртібі тек АХҚО актілерімен айқындалатынын білдіреді.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінің экономикасын байланыстыратын өңірлік бизнес және қаржы орталығы. Осылайша, жекелеген заңдар қолданылатын, Қазақстан аумағында қолданылмайтын арнайы экономикалық аймақ бола отырып, АХҚО-ның өзіндік юрисдикциясы бар.

Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының басқарма төрағасы Дәурен Қарашевтің айтуынша, цифрлық активтерді сату және сауда түрінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін АХҚО лицензиясы қажет. Бірақ бұл лицензияны алу үшін көптеген талап пен критерийге сәйкес болу керек.

криптовалюта
Фото: kabt.kz

 

Мәселе мынада, заңнаманы орындау тиісті деңгейде жүзеге асырылмайды. Сондай-ақ, ведомствоаралық үйлестіру де тиісті деңгейде емес. Ведомствоаралық үйлестірудегі проблеманың себебі – елімізде осыған жауапты мемлекеттік орган анықталмаған. Мысалы, АХҚО лицензия бере отырып, лицензия алған цифрлық активтер алаңы үшін жауап береді. Ал лицензия алмағандармен кім айналысады? Өйткені, АХҚО – қаржы орталығы және ол қадағалау органы емес, – деп түсіндірді Дәурен Қарашев.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанда АХҚО-дан лицензия алған 13 тұлға цифрлық активтермен заңды түрде жұмыс істейді.

криптовалюта
Инфографика: Kazinform

 

Алайда, Қазақстан аумағында лицензия алмаған биржалардың қосымшалары мен парақтары да бар. Қарапайым клиент лицензия алған биржаға да, сондай-ақ лицензиясыз жұмыс істейтін биржаға да тап болуы мүмкін. Жай адам тіркелген биржаны заңсыз биржадан ажырата алмайды.

Мұндай қылмыс жіті бақылауда болмаған соң алаяқтар криптобиржаның демо-нұсқасын жасап алып, оны белсенді жарнамалайды. Қарапайым пайдаланушы қайсысы дұрыс крипто биржа, қайсы жалған екенін айыра алмайды. Алаяқтар тіпті беделді криптоплатформаның демо-нұсқасын да жасай алады. Пайдаланушы шотты толтырса да, демо-нұсқадағы сома көрсетіледі. Бұл жалған шот көз алдында өсіп отырады және инвестор бұл ақшаны шығарып алмақ болған кезде ғана іс жүзінде жоқ криптовалютаға инвестиция салғанын түсінеді. Бар ақшаны алаяқ алады, – деді қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының төрағасы.

Сонымен қатар, маманның айтуынша, өзі білмей крипто алаяқтық жасайтындар бар. Олар криптовалютаны міндетті лицензиялау керек екенін білмейді. Бағам айырмасы арқылы криптовалюталарды сатудан табыс табатын қазақстандықтар көп. Олар цифрлық активтерді лицензияланған биржадан сатып алады және жаһандық деңгейде сатады.

Алайда, біздің мемлекеттік және қаржы институттарымыз (банктер) жаһандық биржаларға қызмет көрсетпейді, өйткені банктердің лицензиясы жоқ.

Елестетіп көріңізші, сіз Қазақстан биржасында криптовалютаны 10 теңгеге сатып алдыңыз және оны жаһандық криптобиржада 15 теңгеге саттыңыз. Бірақ сіз өзіңіздің түскен 5 теңгеңізді жаһандық криптобиржадан шығарғыңыз келсе, біздің банктер транзакцияны бұғаттайды. Өйткені, мұндай аударымдар олар үшін жоғары қаржы тәуекелін тудырады. Бұл қазақстандықтарды ашуландырады. Олар ақша аударымының неге бұғатталғанын түсінбейді. Ал олар бәрібір бұғатталады, өйткені лицензияланған биржа заң бойынша жұмыс істеуі керек, – деді спикер.

Дәурен Қарашевтің пікірінше, криптовалюта нарығы сегменттеліп кеткен. Лицензиясы жоқ биржадан криптовалюта сатып алып, бағам айырмасымен айналысатындар бар, ақшаны жылыстататындар да кездеседі.

Қадағалаудың нашар екенін ескерсек, крипто алаяқтықтың түрлері мен формалары көбейіп келеді. Сондықтан, біздің қауымдастық бұл жағдайдан шығудың ең жақсы жолы – қолданыстағы заңнаманың орындалуын бақылауды күшейту деп санайды, – деді Дәурен Қарашев.

Сарапшы лицензиясы бар биржалар үшін қолайлы жағдай жасап, ал қалғандарын бұғаттау қажет екенін атап өтті. Бұдан басқа, АХҚО талаптарына сәйкес, Қазақстан аумағында цифрлық активтермен сауда айналымын жүзеге асыруға тыйым салынған.

Заңның қандай шикілігі бар?

Қазақстандағы криптобиржаларды реттеудің негізгі тәсілі – заң бұзу тіркелсе, лицензияны тоқтата тұру. Бірақ шетелдік криптовалюталарға әсер ету тетігі жоқ. Сондықтан Қазақстан криптоиндустриясында адал ойыншылар да, ешқандай заңдарды сақтамайтындар да «тұрақ» тапқан.

Одан қалды АХҚО әзірлеген заң тек ағылшын тілінде және криптовалютадан ақша тапқысы келетіндердің көпшілігі оны оқи алмайды, түсінбейді.

Қазақстанда заңдар көп өзгереді, адамдар оны оңайлықпен түсініп, ажырата алмайды. Сондай-ақ, бізде ведомствоаралық үйлестіру өте әлсіз деңгейде – бұл конституциялық заңға сәйкес АХҚО аумағында ресми тіл ағылшын болғанына байланысты. Ағылшын тілін бәрі бірдей түсіне бермейді, әсіресе құқық пен заң тілін ағылшынша түсіну қиын, – деді Қарашев.

Мәселені қалай шешуге болады?

Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығы криптовалюта нарығы орнықты дамуы тиіс деп есептейді. Мұндай даму барлық тарап – реттеуші де, реттеу субъектісі де бір-біріне зиян келтірместен консенсусқа келген кезде мүмкін болады.

Сондықтан біз қазақстандықтар, мемлекеттік органдар арасында ағарту жұмыстарын жүргізгіміз келеді. Бүгінде Қаржы мониторингі агенттігінің шеңберінде секторлық тәуекелдер бойынша жұмыс топтарының отырысы өтіп жатыр. Бұл салаға мүдделі мемлекеттік органдар қатысады. Тіпті мемлекеттік органдардың арасында да ортақ пікір бола бермейді. Сондықтан барлық қатысушыға осы нормаларды қайта қарап, ортақ қорытындыға келіп, содан кейін қоғам алдында мәлімдеме жасау керек, – деді қауымдастық төрағасы.

Бұдан бөлек, қауымдастық нарық қатысушыларына лицензияның шекті талаптарын төмендетуді ұсынып отыр, сонда адал ақша табатындар заңды білмегендіктен және жағдайды жіті түсінбегендіктен зардап шекпейді. Сондай-ақ, заңсыз жұмыс істейтіндерге қатысты қатаң шаралар қабылдау, яғни олардың қызметіне тосқауыл қою ұсынылды.

Мұның бәрі тек бұғаттауға байланысты болмауы керек. Білмей істеген, қасақана заң бұзу пиғылы болмаған адамдарға рақымшылық жасау керек. Оларды заң шеңберіне кіріктірген абзал. Сондықтан, алдымен рақымшылық, интеграция жасау керек, ал заң аясында жұмыс істеуге келіспегендерге жазаны қатаңдату қажет, – деп толықтырды Дәурен Қарашев.

Осы шаралардың арқасында елде крипто қылмыстар азаюы мүмкін, өйткені нарықтың барлық қатысушысы заңсыз және заңды брокерлерді қалай ажыратуға болатынын түсінеді.

криптовалюта
Фото: Midjourney

 

Қазақстан Орталық Азиядағы криптохаб бола ала ма?

Қазақстан Орталық Азияда криптохабқа айналуы мүмкін. Blockchain technologies қауымдастығы төрағасының пікірінше, тиісті реттеу жүргізілсе, криптовалюталар мультипликатив әсер жасай алады.

Бүгінде цифрлық майнинг реттелді. Майнерлер криптовалюталарда цифрлық активтерді сатады, ал криптовалюталар жұмыс орындарын құрады. Сондай-ақ, криптовалюталар жұмыс істеуі үшін банктерге қызмет көрсету қажет (олар тіркелген криптовалюталарды сатудан және сатып алудан комиссия алады). Егер біз жақсы экожүйе құрсақ, мұндай экожүйені жасай алмаған көршілес елдеріміз қазақстандық криптобиржалардың клиенті болады. Осылайша біз криптохаб бола аламыз, – дейді қауымдастық төрағасы.

Айқын артықшылықтардың бірі – Қазақстанда Орталық Азиядағы электр энергиясына ең қолжетімді баға тіркелген. Бізде лицензияланған цифрлық майнинг те жақсы дамыған. Бүгінде заңда лицензияланған цифрлық майнинг криптовалютаның 50% АХҚО аумағында сатылуы тиіс деген талап бар.

Біздің бәсекедегі артықшылығымыз – майнинг. Ал Қырғызстанда өте жақсы әзірлеушілер бар, олардың арасында ең озық «суық әмияндардың» бірін жасағандар да бар. Ресейлік мамандардың да цифрлық сауаты жоғары, бірақ бұл мәселенің кейбір аспектілерінде олар бізге есе жіберіп отыр. Яғни, Қазақстанның көшбасшы тізгінін қолына алуға тамаша мүмкіндігі бар. Бірақ заңның орындалуын қадағалау және нарықтан кері байланыс қажет, – деп есептейді сарапшы.

Майнерлер көп криптовалюта өндіреді. Бұл норма қазақстандық криптовалюта биржаларына қаржылай құрамдас – өтімділікті айтарлықтай арттыруға көмектеседі. Егер өтімділік жоғарыласа, бәсекеге қабілет те артады.

Соңғы жаңалықтар