Қазақстанда құқықтық сауат артып келеді — заңгер
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтардың құқықтық сауаты артып келеді. Бұл туралы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген заңгер Нұрсұлтан Орынбеков айтты.
– Біздің елімізде көлік жүргізушілерінің тарапынан құқық бұзушылықтар жиі тіркеледі. Одан кейін жастар арасындағы ұсақ бұзақылық – вандализм секілді жағдайлар көп кездеседі. Бұлардың бәрі айналып келгенде айыппұлға әкеліп тірейді. Мұндай әрекеттер адамның құқықтық сауаттылық деңгейінің төмендігімен байланысты. Ақпараттандырудың аздығы да болуы мүмкін. Елімізде құқықтық сауаттылық төмен деп айта алмаймыз. Біз оны қайдан білеміз? Сотқа жүгінген адамдардың ар-намысқа нұқсан келтіру, іскерлік беделге нұқсан келтіру, жала жабу бойынша арыздар көп түсе бастады, – дейді ол.
Маман қоғамда құқықтық мінездің пайда болғанын тілге тиек етті.
– Әлеуметтік желіде көрсеңіз, бір-бірінің суретін рұқсатсыз салып, оны айыптап, абыройына нұқсан келтіріп, неше түрлі былапыт, бейпіл сөздер жазатындар бар. Адамдардың көбі оның заңсыз екенін түсінгенімен, жай қол сілтеп жүре береді. Кейіннен қоғамда құқықтық мінез пайда болды. Одан кейін «Заң мен тәртіп» қағидасы да өз әсерін тигізіп, азаматтар кез келген құқық бұзушылыққа бейжай қарамайтын болды. Шағымдардың көп түсуі сотқа да ауырлық туғызады. Бірақ бұл адамдардың құқықтық сауатының көтерілгенін, өз құқығын қорғауға деген ниетін білдіреді. Сондықтан жақсы тенденцияда жүріп жатырмыз, – дейді заңгер.
Нұрсұлтан Орынбеков әлеуметтік желілерде жиі кездесетін заң бұзушылықтарға тоқталды.
– Threads желісінде жаңа бір тенденция тарап кетті. Бір адам біреуге қарыз болса, біреуге қандай да бір өкпе-реніші болса немесе қыз бен жігіттің арасында араздық туындаса, арадағы хат алмасулар мен суреттерді рұқсатсыз жариялап жібереді. Бірақ ол жерде қандай да бір жала жабу фактісі болса, әкімшілік жаза арқалауы мүмкін. Ал адам туралы қасақана жалған ақпарат таратса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы ықтимал. Мұның ең төменгі деңгейі – Азаматтық кодекстің 145-бабында көзделген әр адамның Конституциялық құқығы: адамның өз бейнесіне, дауысына, дене бітіміне қатысты құқығы. Тіпті адамның түрін жасырып қойғанның өзінде, ол адам туралы ақпарат анықталса, ол моральдық шығынды өтеу үшін сотқа жүгіне алады. Себебі бұл – заңсыз. Әр адам өзінің жеке суретін пайдалануға рұқсат бермесе, оны жариялауға болмайды. Бірақ, өкінішке қарай, мұны көпшілік біле бермейді, – дейді спикер.
Еске сала кетейік, Мәжіліс қаруды қылмыстық мақсатта пайдалануды шектейтін заң жобасын талқылайды.