Қазақстанда құлдыққа сатылған 90 адамның 75-і - әйелдер

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл сайын Қазақстан аумағында құлдыққа сатылатын 90 адамның 75-і - әйелдер. ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары Шынар Көшербаева Мәжіліс ғимаратында заң жобасын талқылау кезінде осындай дерек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда құлдыққа сатылған 90 адамның 75-і - әйелдер

«Адам саудасының гендерлік сипатына тоқталсақ, бізде жыныстық қанау фактілері басым. Жыл сайын адам саудасының 90 құрбаны анықталатын болса, соның 75-і әйелдер. Мәжбүрлі еңбекке тартылатын ер адамдардың саны 10-ға дейін. Адам саудасының құрбаны болған ерлердің жасы 18-ден 70-ке дейін. Практикалық талдауға сүйенсек, оларды еңбек құлдығына тартады. Әйелдер арасында кәмелетке толмағанды адам саудасына салу кездеседі. Жасы 16,17-ден басталады. Жыныстық қанауға түскендердің жасы 40-қа дейін барады. Ал еңбек құлдығына тартылған әйелдердің жасы - 50-ге дейін. Өйткені әйелдерді де үй шаруасына күштеп жегуі мүмкін», - деді ІІМ өкілі.

Оның айтуынша, Қазақстан аумағында құлдыққа сатылатындардың басым бөлігі - өз отандастарымыз.

«Қазақстан аумағында Орталық Азия мемлекеттерінің азаматтары адам саудасына тартылады. Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары көп ұшырайды. Ресей азаматтарын қанау фактілері де болды. Дегенмен адам саудасына ұшырайтындардың 80 пайызы - Қазақстан азаматтары. Бізде адам саудасының ішкі трафигі көбірек проблемалы деп есептеледі», - деді Шынар Көшербаева.