Қазақстанда күн суытады: үш өңірде үсік жүруі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» еліміздің бірқатар өңірінде үсік, тұман және қар жаууы мүмкін екенін ескертті. Алматы, Қызылорда және Жетісу облыстарында ауа температурасы -7 градусқа дейін төмендеуі ықтимал. Бұл туралы ТЖМ мәлім етті.
«Қазгидромет» болжамына сәйкес, еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Алайда солтүстік, шығыс өңірлерде және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жаңбыр мен қар жауады. Түнде еліміздің шығысындағы таулы аудандарда қалың қар жаууы мүмкін.
Республиканың солтүстігі мен оңтүстік-шығысында жел күшейеді. Түнде және таңертең ел аумағының кей жерлерінде тұман күтіледі. Алматы, Қызылорда облыстарында және Жетісу облысында ауа температурасы -1...-7 °C-қа дейін төмендеп, үсік жүруі мүмкін.
Ірі қалалардағы ауа райы:
- Астана: құбылмалы бұлтты, жауын-шашынсыз. Жел 2–7 м/с. Ауа температурасы түнде -2...-4 °C, күндіз +5...+7 °C.
- Алматы: құбылмалы бұлтты, жауын-шашынсыз. Жел 3–8 м/с. Ауа температурасы түнде +3...+5 °C, күндіз +16...+18 °C.
— Жолға шығар алдында ауа райы жағдайын ескеріңіздер, жол қозғалысы жылдамдығын сақтаңыздар, тұман кезінде аса мұқият болыңыздар және ауа райының өзгеруіне назар аударыңыздар, — деп ескертті ТЖМ.
Бұған дейін 3 қарашада Қазақстанның бірнеше облысында тұман, көктайғақ, үсік және қатты жел болатыны хабарланды. Бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.