Қазақстанда күніне 20-25 адам ЖИТС жұқтырады - Г. Нұрғожина

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылы Астана қаласы бойынша АИТВ (адамның иммунитет тапшылығы вирусын) жұқтырған 202 адам тіркелген. Осылайша, қазір бұл дертке шалдыққандардың саны елорда бойынша 814 адамға жетіп отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Астана қалалық «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» ақпарат бөлімі хабарлады.
None
None

Орталықтың мәліметінше, 1997 жылы Астана қаласында АИТВ-ға шалдыққан 1 ғана адам тіркелген болатын. Қазір бұл дертке шалдыққандардың саны 814 адамға жеткен. Яғни, 2014 жылы 202 адам жаңадан тіркеуге тұрған. Бұл әрбір 100 мың тұрғынның сексені ВИЧ-ке шалдыққан деген сөз. «Тағы бір өкініштісі дертті жұқтырғандардың дені жастар. Қазақстанда күніне 20-25 адам осы ауруды жұқтыратын болса, олардың 60 пайызынан көбін 15 пен 35 жас шамасындағы жастар құрайды екен», - дейді Астана қалалық «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» емдеу-алдын алу бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Нұрғожина. Оның айтуынша, ауруға шалдыққан жастардың көбі дерлік бей-берекет жыныстық қатынастың құрбаны екенін айтады. «Қазіргі жастар өздерін тым сауаттымыз деп ойлайды, алайда санасын ғаламтор улаған ұрпағымыз құрдымға кетіп бара жатқанын өздері де байқамайды. Бізде тіркеуде тұрған емделуші жастардың көбісі осындай ғаламтор арқылы танысқан, аты-жөнін де толық білмейтін, жалған махаббаттың құрбандары. Бармақ тістеп қалған кезде ол адамның кім екенін де анықтап бере алмайтыны өкінішті. Мұндайда дәргерлердің жұмысы да қиындай түседі», - дейді маман. Г. Нұрғожинаның айтуынша, дертті қалай жұқтырғанын білмей, басын тасқа соғатын бұл жастар үшін ендігі өмірлері дәргерлердің қатаң бақылауында емделумен өтеді. Себебі, ЖИТС-тің қақпанына бір түскен адам одан бір жола айығып кетуі мүмкін емес. Ғасыр дертінің алдында әлем медицинасы дәрменсіздік танытып отырғаны белгілі. Науқас адам өзін күтімде ұстап, уақытымен дәрі-дәрмегін қабылдаған жағдайда ғана ауруды дендетпей бір қалыпты ұстауға болады. «Бұл сырқатпен ауыратындар үшін де мемлекеттен қомақты қаржы бөлінуде. Мысалы, ЖИТС-ке шалдыққан бір адамның бір айлық қабылдайтын дәрісі 16 мың теңге тұрады. Өкініштісі, осы мүмкіндіктен бас тартатын, яғни орталыққа келуден, дәрі-дәрмегін қабылдаудан бас тартатын науқастар бар. Осындай науқастар үшін орталықта «Достастық кабинеті» жұмыс істейді. Кабинеттің атқаратын қызметі кеңес сұрап келушілерге жұқпалы аурудың алдын алу шараларын түсіндіру және қорғаныс құралдарын дұрыс пайдалануды үйрету. Күн сайын 10-15 ерікті адам орталық мамандарының кеңесіне жүгінеді», - дейді орталық жетекшісі.

Соңғы жаңалықтар