Қазақстанда құрылыс саласында қай мамандар жетіспейді

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылыс саласын меңгеруге талпынған студенттердің саны артып келеді. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев мәлім етті.

Қазақстанда құрылыс саласында қай мамандар жетіспейді
Фото: Kazinform/ЖИ

— Қазіргі таңда елде жеке немесе мемлекеттік жоғары оқу орындары бар. Сол жерлерде құрылыс мамандықтарының өзі түрлі бағыттарға бөлінеді… Оқу орындарына студенттердің келуі артып келеді. Сұраныс бар. Біздің ведомство жауапты министрліктермен өзара ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр. Мысалы, құрылыс саласында 700 мыңға жуық адам жұмыс істейтін болса, алдағы уақытта қанша адам тағы да қосымша қажет екені зерделеніп жатады, — деді Қанат Мыңбаев.

Оның айтуынша, осы салада инженерлік мамандар қамтамасыз етілген. Алайда елде соңғы кездері жұмысшы мамандар жетіспей жатыр.

— Слесарь, монтаждаушы, дәнекерлеуші сияқты мамандықтар жетіспей жатады. Өйткені бір кезеңдерде осы мамандықтарға түсу аз болды, сұраныс та төмен болды. Ал қазір осы мамандықтарға сұраныс бар, — деді комитет өкілі.

Еске сала кетейік, Президент «Халықтық құрылыс» бойынша комиссияның құрамын бекіткен болатын.

Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінген қаражаттың әр кезеңде қалай жұмсалатынын мемлекеттік комиссия бақылайтын болады.

Осы құрылыс жұмыстарына 6,5 трлн теңге бөлінеді.