Қазақстанда құрылысы проблемаға айналған неше тұрғын үй кешені бар
АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Қазақстан аумағындағы проблемалы тұрғын үйлердің құрлысы жөнінде түсінік берді.

- Қазір 42 проблемалы нысан болды, оның екеуі биылғы бірінші тоқсанда Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары аумағында тапсырылды. Енді 40 нысан қалды. 10-нан астамын биыл жол картасы бойынша аяқтаймыз, ал қалғаны 2026 жылы тапсырылады. Өйткені кейбірінде сот процесі әлі жалғасып жатыр, - деді Қ. Қажкенов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұдан бөлек ол үлескер қаржысын заңсыз тартқан 99 нысан жайында айтып берді.
- Осы 99 нысан жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес заңнама аясында салынып жатыр. Алайда үлескерлерден ақша тартуы заңсыз болды. Кейбір нысандарда құрылыс жалғасып келеді. Сонымен қатар, тоқтап тұрған нысандар да бар, олар бойынша сот процесі аяқталмаған, - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, осындай заңсыз әрекеттерге жол бермеу үшін бүгін Сенатта мақұлданған заң аясында тиісті жауапкершілік күшейтіледі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.