Қазақстанда құрма мен анар бағасы қанша

Күздің суығында базар мен дүкенге құрма, анар түседі. Жемістің бұл түрінің бағасы еліміздің өңірлерінде әртүрлі. Kazinform күзде сұранысы жоғары құрма мен анар бағасын салыстырды. 

Қазақстанда құрма мен анар бағасы қанша
Коллаж: Kazinform / Freepik

Құрма бағасы 390-2 000 теңге аралығында

Құрма бағасы еліміз бойынша Алматы қаласында арзан. Ташкенттен әкелген құрманың келісін 390 теңгеге сатылып жатыр. Ал «шоколадты» сұрпының келісі – 1 065 теңге.

Қызылорда мен Таразда келісі – 750-820 теңге. Сонымен бірге Қарағанды мен Оралда құрма бағасы 800 теңгеден басталып тұр.

Ал Петропавлда құрманың келісі – 850 теңге. Шымкент, Павлодар, Қонаев пен Талдықорғанда жемістің бұл түрі 900 теңгеге сатылып жатыр. Семей, Өскемен мен Атырауда баға 970-1 200 теңге аралығында болса, Ақтөбеде келісі 1 000 теңге. 

Көкшетау мен Қостанайда келісі 1 099-1 400 теңге, ал Жезқазғанда 1 200-2 000 аралығында. Ақтауда баға – 1 500-8 000 теңге. 

Астаналықтар құрманың келісін 1 550 теңге сатып алады. Түркістанда жеміс бағасы шамамен 1 590 теңге болып тұр.

жеміс-жидек
Инфографика: Kazinform

Анар бағасы 470-6 000 теңге аралығында

Қазақстан өңірлерінде анар бағасы сұрпына қарай әртүрлі болып тұр. Сатылымда мысыр мен перуан сұрпы бар. Орал қаласында мысыр сұрпының келісі 470 теңгеге сатылып жатыр. Бұл еліміз бойынша ең төмен баға.

Ал Ақтау қаласында анардың келісі 800-1 000 теңге. 

Түркістан, Шымкент және Қызылордада анардың келісі – 900-2 000 теңге аралығында. 

Алматыда да баға осы шамалас. Перуан сұрпының келісі – 1 600 теңге, ал арзаны – 1 026 теңге. 

Павлодар, Петропавлда анардың келісі 1 200-1 300, ал Қарағандыда 1 200-5 500 теңгеге сатылып жатыр. Тараз бен Қонаевта – 1 230-1 350 теңге. 

Талдықорған мен Ақтөбеде анардың келісін 1 300 теңгеге сатып алуға болады. Қостанай мен Көкшетауда баға сәл жоғары. Келісі – 1 390-2 800 теңге. 

Жезқазған, сонымен бірге Қарағандыда баға өте алшақ. Келісі 1 500 теңгеден басталып, 6 000 теңгеге дейін жеткен. Баға сұрпы мен сапасына қарай өзгеріп отырады. 

Атырауда анардың келісі 1 620 теңгеден басталады. Семей мен Өскеменде жемістің бұл түрін шамамен 2 020 теңгеге сатып алуға болады. Елордада – 1 770 теңге, импорт анардың келісі – 2020 теңге. 

Kazinform бұған дейін Қазақстандағы саңырауқұлақ бағасын салыстырды.

Соңғы жаңалықтар