Мас күйінде тәртіп бұзды деп айыпталған прокурор ақталып шықты

АҚТАУ. KAZINFORM — Прокурор Ерболат Әбдіровке Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша хаттама толтырылды. Оған қоғамдық орында тәртіп бұзды деп айып тағылғанымен, сот істі тоқтатты. 

прокурор
Фото: Маңғыстау облысы прокуратурасы

Ерболат Әбдіровке қатысты іс Ақтау қаласы әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылғын сотында қаралды.

Оған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабы, оның ішінде қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға зәбірлеп тиiсу және айналасындағыларға құрметпен қарамау бөлігі бойынша қаралды. Бұл бап бойынша кінәсі дәлелденсе 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 20 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады. Тіпті 5-10 тәулік әкімшілік қамаққа алынуы мүмкін.

Іс материалына сүйенсек, Алматы қалалық әуежайы желілік полиция бөлімінің қызметкері биыл 28 шілде күні Ерболат Әбдіровке қатысты хаттама толтырады. Хаттамада Air Astana әуе компаниясының Алматы-Астана бағытындағы КС955 рейсі кезінде жолаушы Ерболат Әбдіровтің автобустағы жолаушыларға тиісіп, қоғамдық тәртіпті бұзғаны туралы акт тапсырғаны жазылған. 

Сот отырысы кезінде Ерболат Әбдіров өз кінәсін мойындамады. Әуежайдан ұшаққа тасымалдайтын автобусты қоғамдық көлік санатына жатқызбайтынын айтты. Бұл арнайы автобус болып есептеледі. Өзге жолаушылардан, әуекомпаниясы мен полиция қызметкерлерінен шағым түспеген. Өзін қалыпты ұстағанын, қоғамдық тәртіпті бұзбағанын жеткізді. Сондай-ақ сот отырысы кезінде медициналық сараптама қорытындысы ұсынылған. Онда оның сөйлеу мәнері мен сырт келбетінде қоғамдық тәртіпті тұзатындай ерекшелік байқалмағаны туралы жазылған. Сот отырысы кезінде Ерболат Әбдіров істі тоқтатуды сұрады.

Ал ағайынды куәгерлер Алматыға Қызылордадан келіп, Астанаға жолға шыққан. Әуежайда Ерболат Әбдіровпен танысып, жерлес болған соң әңгімелескенін айтты. Ұшаққа дейін жеткізетін автобус ішінде шу болмағанын, ешкім ешкімге дөрекі сөз айтпағанын, ал Астанаға түскенде полиция күтіп алып, түсініктеме жаздырғанын жеткізді. Арада бір күн өткеннен соң желілік полицияға қайта шақыртылып, түсініктемеге қол қойған, бірақ оқымаған. Ерболат Әбдіров өзін ұрмағанын, еш кінә артпайтынын айтты.

Ақтау қаласы әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылғын сотының судьясы И. Досетов Ерболат Әбдіровке қатысты істі әкімшілік құқықбұзушылық құрам болмаған соң тоқтатты. Қаулы көшірмесін алған тараптар 10 күн ішінде Маңғыстау облыстық сотына шағым түсіре алады.

Айта кетейік, Ерболат Әбдіров былтыр ақпан айында Ақтау қаласының прокуроры болып тағайындалды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтау қаласының прокуроры мас күйінде тәртіп бұзғаны үшін ұсталған болатын. 

Соңғы жаңалықтар