Қазақстанда LRT нысандарына арналған полиция басқармасы құрылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Ішкі істер министрлігінің құрылымында LRT нысандарына жауап беретін арнайы полиция басқармасы құрылады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Құжатқа сәйкес, жаңа басқарма жеңіл рельсті көлік (LRT) нысандарында қызмет атқарады. Ол ІІМ Көліктегі полиция департаментінің құрамына кіреді.
Басқарма Ішкі істер министрлігін ұстауға республикалық бюджеттен қарастырылған қаражат есебінен қаржыландырылады.
Сондай-ақ жаңа құрылым ІІМ қарамағындағы аумақтық органдар мен бөлімшелердің тізіміне енгізіледі.
Үкімет қаулысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, Қазақстанда көлік полициясы көлік инфрақұрылымы нысандарындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Қазір көлік полициясының қызметкерлері Астанадағы LRT желісінде қызмет атқарып жүр. Полицейлер барлық 18 станцияда ауысыммен кезекшілік етеді. Tarlan Astana іске қосылғалы бері LRT желісінде үш қылмыстық және 37 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.
Еске салайық, Алматыда да LRT желісі салынып жатыр. Оны 2027 жылы іске қосу жоспарланған.